Михаил Шайдоров Мемлекет басшысына алғыс айтты
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша отандасымызға ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұл кездесуге Олимпиада чемпионы ретінде қатысу – мен үшін зор мәртебе. Алтын медаль – менің ғана емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және мен үшін алаңдап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі. Бұл аянбай тер төгіп жұмыс істесең, жақын жандардың махаббаты мен сенімі болса, армандардың орындалатынын көрсетеді. Президент мырза, Сіздің қолдауыңыздың арқасында спортшылар үлкен жетістіктерге, жаңа тарихи рекордтарға қол жеткізіп жүр. Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін. Алдымда ұзақ жол бар. Елімнің сенімін ақтап, жас ұрпаққа үлгі болып, халқымыздың мерейін үстем еткім келеді. Рахмет Сізге! Сүйікті Отаныма, Қазақстаныма қызмет етемін, – деді Михаил Шайдоров.
Қасым-Жомарт Тоқаев чемпионның бапкері, әйгілі спортшы, 1994 жылғы Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Урмановқа ыстық ықыласын білдірді.
– Мәнерлеп сырғанау спортындағы білікті маман ретінде ерен жетістіктеріңізді жалғайтын лайықты ізбасар дайындадыңыз. Сол үшін Сізге зор алғыс айтамын. Осынау тамаша табысқа салалық министрлік, федерация, сондай-ақ атақты боксшымыз, жақында есімі Дүниежүзілік бокс даңқы залына жазылған Геннадий Головкин басқаратын Ұлттық Олимпиада комитеті елеулі үлес қосты. Отандастарымыз спорттық бәсекенің қиындықтарын, әсіресе, еркін бағдарламадан кейінгі Михаилдың күрделі жағдайын тебіреніспен бақылап отырды. Бірақ ол тәуекелге барып, жер-жаһанның басты байрақты бәсекесіндегі жеңісті жұлып алды. Бұл да кездейсоқ емес. Өзіне берілген жалғыз мүмкіндікті екінің бірі сәтті пайдалана алмайды. Әдетте жарысқа түскенде «бақ шаба ма, бап шаба ма» деп жатады. Бірақ «еңбек – бәрін де жеңбек» деген ұлағатты да ұмытпайық. Михаилдың жеңісі мыңдаған жастарымызды спортпен шұғылдануға жігерлендірді. Еңбек етсең, ерік-жігерің мұқалмай, батыл әрекет қылсаң, кез келген, тіпті қол жетпестей көрінетін арманның өзі орындалатынына сенімін күшейтті. Бүгінде еліміздегі мыңдаған ұл-қыз Михаил Шайдоровқа қызыға қарап, еліктейді, даңқты спортшы болғысы келеді. Демек еліміздің ұландары әлемдік спорттың биігінде жарқырай көрінетін күн алда. Барша Олимпиада чемпиондарының аты әлем спортының жылнамасына жазылады, олардың жетістіктері Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада комитетінің музейінде тіркеледі. Енді түрлі елдің туристері Михаил Шайдоровтың 2026 жылғы Олимпиададағы тамаша жеңісі туралы білетін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына қолайлы жағдай жасалатынын айтты.
Бұл – мемлекеттік саясаттың басым бағыты.
– Олимпиададағы нәтиже әрқашан ел дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі саналған, алдағы уақытта да солай бола бермек. Қазақстан осы жарыстарға қатысқан спортшылардың саны жағынан 25-орынға табан тіреді. Біз алдына мақсат қойған әр еңбекқор жан өзінің қабілет-қарымын көрсете алатын, соның ішінде спортта көздеген биігіне жетуі үшін мол мүмкіндікке жол ашатын Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Адал бәсеке, меритократия, тәртіп пен жауапкершілік, бұл – үлкен спорттың да, кез келген қуатты мемлекеттің де діңгегі. Ұлттың жасампаздық қуатын арттыру республикалық референдумға шығарылған жаңа халықтық Конституция жобасының негізгі мазмұндық өзегі болып отыр. Ата Заңдағы әділдік, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау, отаншылдық қағидаттары мемлекет іргесін бекемдеп, өркендеудің қозғаушы күшіне айналады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, мемлекеттердің дамуы да үлкен спортқа ұқсас: кім алдына биік мақсат қояды, табанды еңбек етеді, бірлесіп жұмыс істейді, сол жетістікке жетеді.
– Бүгін біз жеңіске жетуге бар күш-жігерін жұмсап, жеке рекордтарын жаңартқан Михаил мен ұлттық құрама мүшелерін құттықтаймыз. Кейбір спортшыларымыз осындай ауқымдағы жарысқа алғаш рет қатысса да, олар лайықты өнер көрсетті. Көптеген спортшымыз өздері сынға түскен сайыста үздік ондыққа енді. Бұл болашақтағы табыстарға жол ашады. Азаматтарымыздың халықаралық деңгейдегі жетістіктері, мейлі, ол спортта немесе оқушылар мен студенттер олимпиадасында, өнерде, тіпті басқа салаларда болсын, еліміздің өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Таяуда Милан мен Кортинада Қысқы Паралимпиада ойындары басталады. Спортшыларымызға сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, екі жылдан кейін атлеттеріміз Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатынын еске салды
– Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті, федерациялар бірлесе жұмыс атқарып, құрама мүшелерін жан-жақты қолдауға тиіс. 2029 жылы Алматы қаласында өтетін Қысқы Азия ойындарына ерекше назар аудару қажет. Ойындар ең жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Бұл – Қазақстандағы спорттың дамуына тың серпін беріп, экономика мен туризм салаларына оң ықпал ететін өте маңызды іс-шара, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

«Құрмет» ордені Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа, Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.
Еске салсақ, Президент Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады.