Минскіде Қазақстанның жаңа Конституция жобасы таныстырылды
Қазақстанның Беларусь Республикасындағы елшісі Тимур Жақсылықов Беларусь бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, алдағы референдумға шығарылған Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасы жөнінде брифинг өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында дипломат құжаттағы негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтарды таныстырып, Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың тұжырымдамалық бағыттары туралы баяндады.
Елшінің айтуынша, ұсынылған конституциялық реформа Мемлекет басшысының дәйекті саяси реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Еліміздің Ата заңындағы өзгерістер Қазақстан халқының өзекті құндылықтары мен қағидаттарын көрсетуге, республиканың саяси институттары құрылымының тиімділігін арттыруды көздейді.

Беларусьте тұратын қазақстандықтар үшін дауыс беру учаскелері 15 наурыз күні жұмыс істейді. Дауыс беру Қазақстанның Минскідегі Елшілігі мен Бресттегі ҚР Бас консулдығы ғимараттарында таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін өтеді.
Еске салсақ, Хорватия мен Түркияда да Қазақстандағы конституциялық реформалар талқыланған болатын.