Мемлекетке 1,3 млрд теңге залал келтірген күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері экономикалық қызмет саласында ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Күдікті 2023-2024 жылдары Алматыда коммерциялық құрылымды басқара отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы іс жүзінде жұмыстарды орындамай жалған шот-фактураларды жазу схемасын ұйымдастырған.
Заңсыз әрекет салдарынан мемлекетке шамамен 1,3 млрд теңге көлемінде салық төлемеген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
«2025 жылдың қыркүйегінде ол Грузияда ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2025 жылдың сәуір айында аталған қылмысқа сыбайлас бас бостандығынан айыруға сотталған болатын.