Мемлекет басшысы Үкіметтің таяу арадағы міндетін айқындап берді
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ммелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі өсімді қанағат тұтпайтын, қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап беретін, басымдықтар егжей-тегжейлі ойластырылған экономикалық саясат қажеттілігін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Басқаша айтқанда, бізге тұрақты өсім моделі керек. Оған сәйкес, мемлекет нарықтық экономиканың стратегиялық даму векторын нақты анықтап, қолда бар қаржы ресурстарын экономикалық өсім әкелетін басты салаларға бағыттауы қажет. Мұндай тәсіл ұлттық табысты азаматтарымызға анағұрлым тиімді әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді.
Ашығын айтқанда, мен бұл жайында күнде ойланамын, мамандармен кеңесемін, арнайы экономикалық сараптамаларды оқимын. Экономикалық және қаржылық саясатты қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметтің таяу арадағы міндетін айқындап берді.
«Үкіметтің таяу арадағы міндеті – өнімділікті арттыру, технологиялық жаңару және адами капиталды дамыту есебінен өсімді қамтамасыз ету, табысты ел игілігіне жұмсау.
Мұндай моделді тек инвестиция саясатын жандандыру, бизнестің мүддесін тұрақты қорғау арқылы құруға болады. Яғни бұл саясаттың түпкі нәтижесі халық табысын арттыру, экономикалық дербестікті нығайту болуға тиіс», - деді ол.
Осы мақсатта Үкімет уақыт оздырмай шешетін бірқатар міндет тұрғаны атап өтілді.
«Атап айтқанда, тұрақты әрі қалыпты инфляция көрсеткішін және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ былтырғы Жолдауымда жарияланған жаңа инвестициялық кезеңді толығымен жүзеге асыру», - деді Президент.
Оның айтуынша, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу көмекші қызмет атқарумен шектелмей, экономикалық дамудың басты арқауы болуы керек.
«ЖИ негізінде цифрландырудың бірқатар басты міндеттерін орындау қажет. Бұл – еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағдарланған секторларын қалыптастыру, қосылған құны жоғары өнім шығару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру.
Жаңа инвестициялық кезеңді іске асыру еліміздің индустрия, энергетика, көлік салаларындағы заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Президент.
Оның айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс.
«Осындай жауапты сәтте дұрыс, батыл әрі тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдау өте маңызды. Шынайы өмірге түк қатысы жоқ «құрғақ» ұсыныстар беру, қысқасы, нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет», - деді Президент.