Мемлекет басшысы: Қызылорда көне замандағы әйгілі қалалардың заңды жалғасы

Мемлекет басшысы: Қызылорда көне замандағы әйгілі қалалардың заңды жалғасы
Фото: Ақорда

Қызылорда – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

ҚР Президенті құрылтайда сөз сөйлеген азаматтардың маңызды ой-пікірлер айтқанын атап өтті.

«Құрылтайдың аясында пайдалы пікір алмасулар болды. Барлығы еліміздің дамуына қажетті болатынына сенемін.
Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл Форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аймағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихы бай Көкшетау төрінде жиналдық.
Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар.
Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршын-кент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз.
Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім.
Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды», - деді Президент.

Мемлекет басшысы «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайтынына мән бере отырып, Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайғанына тоқталды.  

«Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі.
«Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші – Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді», - деді Мемлекет басшысы.
 

Қасым-Жомарт Тоқаев қызылордалықтардың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын атап өтті. 

«Бүгінгі басқосуға Сыр елінің азаматтары қатысып отыр. Олардың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер және жастар бар. Осы орайда, жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын атап өткім келеді.
Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін.
Облыс орталығымен қатар, әр ауылдың тазалығы көз тартады. Мысалы Нағи Ілиясов, Таң ауылдарын бүкіл елге үлгі ретінде үнемі айтып жүремін.
Сіздер осы аймақпен қатар, күллі еліміздің дамуына үлес қосып келесіздер».

Еске сала кетсек, Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр.