Мақсатымды жүзеге асыруға JolTap жобасы көмектесті – астаналық көпбалалы келіншек

Бүгін, 10:08
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Мақсатымды жүзеге асыруға JolTap жобасы көмектесті – астаналық көпбалалы келіншек
Коллаж: Elordainfo.kz

JolTap жобасы астаналықтарға жаңа мүмкіндік сыйлайды. 2025 жылы жоба арқылы 7500 астаналық курстардан өтті. Оқу жаңа мамандық игеріп, әрі қарай жұмысқа орналасуға бағыттайды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Осы бағдарлама арқылы қосымша білім алғандардың бірі – астаналық 35 жастағы Сәния Жанпеисова. Көпбалалы келіншек «ҚТЖ –Жүк тасымалы» АҚ жүк пойыздары тасымалы операторы болып жұмыс істейді. Бірақ қазіргі кезде ол – бала күтіміне байланысты декреттік демалыста.

«Теміржол саласында 18 жылдық тәжірибем бар. Декреттік демалыстарда тігін тігуді үйреніп алдым. Жалпы бұған бала кезімнен қызығушылығым болған. Алайда мен тігінді қолмен тігемін. Бүгінде 5 балам бар. Олардың үлкені – 12 жаста, ал кенжесі – 1 жаста. Әлеуметтік желіден JolTap жобасы жайлы ақпарат көріп, бірден қаладағы «Баршаға мүмкіндік» пунктіне барып, машинамен тігін тігу курсына жазылдым. Арада көп уақыт өтпей, сабақтар басталды», - деді жобаға қатысушы.

Оның айтуынша, әсіресе қазақтың ұлттық киіміне деген қызығушылық оны осы жобаға алып келді. Ол курста тігін тігу бойынша мол тәжірибе жинағанын айтты.

«Маған қазақтың ұлттық киімдері ұнайды. Оларды кәсіби түрде тігуді үйренгім келетін. Сол мақсатымды жүзеге асыруға JolTap жобасы көмектесті. «Тігін ісі» курсында біз тігін машинасының негіздерінен бастап жаға, жең, қалта сияқты күрделі бөлшектермен жұмыс істеуге дейін үйрендік. Ең бастысы практикалық тапсырмалар көп болды. Мен жай тыңдап қана қоймай, тігін машинасымен тігуді үйрендім», - деп бөлісті астаналық келіншек.

Бүгінде кейіпкеріміз мерекелерге арналған ұлттық нақыштағы киімдерді жалға берумен айналысады.

«Қазіргі таңда мен ұлттық киімдерді, әсіресе тұсау кесу рәсіміне арналған мерекелік киімдерді арнайы тігіп, жалға берумен айналысамын. Бұл – менің бағытым. Оқудың арқасында мен бәрін бүге-шігесіне дейін сапалы жасай аламын. Joltap жобасына алғысымды білдіргім келеді. Жобаның әсіресе көпбалалы аналарға пайдасы мол. Себебі олар жаңа кәсіпті аз уақытта меңгере алады. Бастысы – тегін. Бұл – өте керемет мүмкіндік», - деп сөзін түйіндеді Сәния Жанпеисова.