Мамандар жазда тамақтану қауіпсіздігі ережесін сақтау маңызды екенін ескертті

Мамандар жазда тамақтану қауіпсіздігі ережесін сақтау маңызды екенін ескертті
Фото: magnific.com

Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева жазда тамақтану қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Спикердің айтуынша, ауа температурасының жоғарылауына байланысты тағам өнімдерінде ауру қоздырғыш микроорганизмдер көбейеді. Соның салдарынан тағамнан улану мен жіті ішек инфекцияларына шалдығу қаупі артады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде шамамен 600 млн адам сапасыз тағам тұтынудың салдарынан ауырады, ал 420 мыңнан астам адам көз жұмады. Әсіресе балалар арасындағы жағдай алаңдаушылық туғызады.
Астанада жыл басынан бері жіті ішек инфекциясының 648 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға төмендегенімен, мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Аурудың негізгі себептері - тағамды дайындау, сақтау және сату кезінде санитариялық талаптардың сақталмауы.

Тағамнан улану жағдайы бақылауға алынған

Былтыр елордада қоғамдық тамақтану орындарда 3 рет жаппай тағамнан улану тіркелді. Сонымен қатар үйде әзірленіп дүкендерде сатылған аспаз өнімінен бір оқиға тіркелді. Нәтижесінде 60 адам зардап шекті, оның ішінде 20 бала бар.
Дегенмен, департаменттің мәліметінше, соңғы бес айда мұндай жағдай тіркелмеген. 

Тағамнан улану неден болады?

Тағамнан улану - ластанған тағам арқылы ағзаға түскен зиянды микроорганизмдердің әсерінен болатын ас қорыту жүйесінің жедел бұзылысы. Оның негізгі қоздырғыштары - алтын түсті стафилококк, ішек таяқшасы және сальмонелла бактериялары.
Уланудың басты себептері - мерзімі өткен өнімдерді пайдалану, тағамды дұрыс сақтамау және дайындамау, жеке бас гигиенасы талаптарының сақталмауы. Әсіресе тез бұзылатын өнімдер мен дайын тағамдар ерекше қауіп тудырады. Температуралық режимнің бұзылуы бактериялардың жылдам көбеюіне әкеледі.
Сондықтан тұтынушылар өнімнің сапасына, сақтау және дайындалу жағдайына ерекше назар аударуы қажет.

Астана қаласы Коммуникациялар қызметі видеосының скрині

Қауіптілігі жоғары өнімдер

Тағамдық инфекция қоздырғыштары көбіне сақтау мен дайындау талаптарын қатаң сақтауды қажет ететін өнімдерде кездеседі. Олардың қатарына көп құрамды салат, крем қосылған кондитерлік өнім, тартылған еттен дайындалған тағамдар, жұмыртқа өнімдері, құс етінен дайындалған тағамдар, балық пен теңіз өнімдері, жартылай фабрикаттар және дайын аспаздық өнімдер жатады.
Сондай-ақ, дұрыс жуылмаған көкөніс, жеміс-жидек пен көк шөптер де аурудың таралуына себеп болуы мүмкін. Өнімнің ластануы оны өсіру мен жинаудан бастап, тасымалдау және сату кезеңіне дейінгі кез келген сатыда орын алуы ықтимал.
Сондықтан жеке гигиена талаптарын сақтау және өнімді тиісті температурада сақтау тағамдық инфекциялардың алдын алудың негізгі шарты болып табылады.

Тамақтанудағы жаңа қауіптер: жеткізу қызметі мен әлеуметтік желідегі трендтер
Тағам жеткізу қызметі ыңғайлы болғанымен, әсіресе ыстық күндері белгілі бір қауіп тудырады. Себебі жоғары температурада микроорганизмдер тез көбейеді.
Әлеуметтік желіде кең таралған шикі теңіз өнімдерінен жасалған тағамдар мен үй жағдайында дайындалған консервілер де денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай өнімдер ауыр улануға, оның ішінде ботулизмге әкелуі ықтимал.
Санитариялық талаптардың сақталмауы кәсіпкерлер үшін де кері әсері бар. Себебі бұдан олардың беделіне нұқсан келіп, шығынға ұшырауы мүмкін. 
Санитариялық қызмет тұрғындарға азық-түлікті тек ресми сауда орындарынан сатып алуға, өнімнің жарамдылық мерзімі мен сақтау жағдайына назар аударуға кеңес береді. Қолды, көкөніс пен жемісті мұқият жуып, тағамды дұрыс сақтау және дайындау қажет.
Балалар мен денсаулығы әлсіз адамдарға ерекше көңіл бөлген жөн. Ал тағамнан уланудың алғашқы белгісі байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.