Көшпенділер ойындарында Қазақстанды ерекше таныстырған қырғыз жүргізушісіне көлік сыйлады

Көшпенділер ойындарында Қазақстанды ерекше таныстырған қырғыз жүргізушісіне көлік сыйлады
Фото: видеодан скрин

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасын ерекше эмоциямен таныстырған қырғызстандық жүргізуші Айзада Жамгырчиеваға Қазақстанның Көкпар федерациясы автокөлік сыйлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Super.kg басылымына сілтеме жасап.

Сыйлықты Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров тапсырған. Автокөлік Айзада Жамгырчиеваның Көшпенділер ойындарының ашылуындағы әсерлі жүргізушілігіне және Қазақстан құрамасын ерекше ықыласпен таныстырғанына ризашылық ретінде берілген. Бұл ақпаратты Қырғызстанның бірқатар басылымы хабарлады.

Айзада Жамгырчиева өзінің Instagram парақшасында бұл сыйлықты күтпегенін айтып, Қазақстан тарапына алғысын білдірді.

«Неден бастарымды да білмей тұрмын. Көшпенділер ойындарындағы трибунадағы эмоция, қырғыз және қазақ жанкүйерлерінің қолдауы ерекше керемет атмосфера қалыптастырды. Алайда бүгін мен үшін күтпеген күн болды! Қазақстанның Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров маған темір тұлпар сыйлады. Шынымды айтсам, мұндай сыйлықты күтпедім. Бұл мен үшін жай ғана сыйлық емес. Бұл – менің Қазақстанға деген қолдауымды байқап, бағалап, үлкен құрмет көрсеткенінің белгісі.

Айдарбек Қожаназаровқа және Қазақстанның Көкпар федерациясына алғыс айтамын! Мұндай сәттер қазақ пен қырғыз арасындағы бауырластықтың жай ғана сөз емес екенін тағы бір мәрте көрсетті. Екі елдің достығы берік болсын! Қырғыз бен қазақ әрдайым бауыр!» – деп жазды Айзада Жамгырчиева.

Айта кетейік, автокөлік Айзада Жамгырчиеваға Көшпенділер ойындарындағы көкпар мен көкбөрі жарыстарының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі кезінде табысталған.