Конституциядағы цифрлық құқықтар азаматтардың деректерін қорғауды күшейтеді – Әлия Жаукеева
Қазақстандық қоғамдық даму институты деректер, цифрлық шешімдер және AI бөлімінің басшысы Әлия Жаукеева «Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы «Sarap» сарапшылық клубының отырысы барысында журналистерге берген сұхбатында жаңа Конституциядағы цифрлық құқықтарға қатысты нормалардың маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әлия Жаукееваның айтуынша, Конституцияда цифрлық құқықтардың алғаш рет бекітілуі азаматтардың жеке деректері мен цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғауды күшейтеді.
«Бұл норма азаматтардың жеке өміріне қол сұқпаушылық, дербес деректер, банк құпиясы және басқа да цифрлық мәліметтердің қорғалуына қосымша кепілдік береді», – деді ол.
Сарапшы жаңа цифрлық реттеудің маңызды бағыттарының бірі – автоматтандырылған шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Мысалы, банк жүйесіндегі скоринг арқылы несие беруден бас тартылған жағдайда азамат шешімнің себебін білуге және оны адамның қатысуымен қайта қарауды талап етуге құқылы. Яғни автоматты жүйелер қабылдаған шешімдер түсіндірілетін болуы керек», – деді Әлия Жаукеева.
Ол сондай-ақ цифрлық мемлекеттік басқаруда азаматтардың өз деректерін бақылау мүмкіндігі артатынын айтты.
«Азаматтың жеке кабинетінде оның деректерін қандай мемлекеттік орган пайдаланғаны туралы ақпарат көрсетіледі. Бұл мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттырады», – деді сарапшы.
Әлия Жаукееваның пікірінше, цифрлық құқықтардың Конституция деңгейінде бекітілуі – Қазақстанның заманауи технологиялық даму бағытын айқындайтын маңызды қадам.