«Концерттерім Астана, Прага, Дюссельдорф, Мәскеу қалаларында өтті» - Нұржамал Үсенбаева 2025 жылдағы өнердегі табыстарымен бөлісті
Күнтізбенің парағы жаңа жылға ауысқалы тұрған әсерлі шақта Қазақстанның және Татарстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева астаналықтар мен барлық қазақстандықтарға жаңажылдық лебізін жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Танымал өнер иесі өткен жылдағы жетістіктері мен келер жылдағы жоспарларымен бөлісті.
«2025 жыл мен үшін өте жақсы, табысты болды. Концерттерім шетелде: Прага, Дюссельдорф, Мәскеу қалаларында өтті. Әрі Мәскеуде өткен Дүниежүзі халықтарының ассамблеясына қатысып, өнер және мәдениет пленарлық отырысында спикер болдым.
Мен үшін өте маңызды саналатын жеке концертім Астана қаласында өтті. Жыл сайын туған күнімді үлкен сахнада өткізу мен үшін дәстүрге айналған. Осылайша көрермендеріме есеп беру, халықтың жылы ықыласына бөлену – бұл үлкен мәртебе әрі асқан жауапкершілік», - деді опера әншісі.
Нұржамал Үсенбаева 2025 жылда Астана өмірі де маңызды оқиғаларға толы болғанын тілге тиек етті.
«Биыл ЕХРО калашығында жаңа нысандардың ашылуы, соның ішінде жасанды интеллект пен цифрлык технологиялар қалашағының орналасуы елорда өміріндегі айта кетерлік оқиғалардың бірінен деп есептеймін. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылуы Қазақстанды жасанды интеллектке бағытталған мемлекетке айналдырып, қоғамдық және экономикалық өмірдің барлық салаларында жасанды интеллект технологияларын дамыту мен инновацияларды ілгерілетуде алар орны ерекше. Ал өнер саласына келсек, ақын Несіпбек Айтұлының мерейтойына орай өткізілген «Бостандық жырының бозжорғасы» атты мүшайрасы, Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясында Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор, дирижер, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай өткізілген үшкүндік фестиваль Астананың мәдени өміріндегі ғана емес, қазақ өнеріндегі айтулы күндер болды деп ойлаймын», - деді ол.
Ол, сондай-ақ, 2026 жылға арналған жоспарларын да бөлісті.
«Былтыр Нұржамал Үсенбаева атындағы Халықаралық вокал өнерінің байқауы өткізілді. Бұл байқауға Еуропа, Орта Азия елдерінен қатысушылар, қазылар келді. Байқау үш күнге жалғасты. Арасында дәрістік сабақтар ұйымдастырылды. Сол байқаудың жалғасы ретінде, 2026 жылы да Астана әкімдігінің қолдауымен елорда филармониясында Нұржамал Үсенбаева атындағы Халықаралық вокал өнерінің байқауын өткізсек деген үміттеміз», - деді Нұржамал Үсенбаева.
Қазақтың халық әртісі Жаңа жыл қарсаңында астаналықтарды және барлық қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
«Құрметті астаналықтар! Жаңа 2026 жыл сіздерге зор денсаулық, отбасы амандығы
мен мол табыс әкелсін! Қала өмірі жарқын бастамалар мен қуанышты сәттерге толы болсын. Бірлігіміз бекем,
болашағымыз нұрлы болғай! Жаңа жыл құтты болсын!», - деп құттықтады өнер иесі.
Еске салайық, бұған дейін әнші Досымжан Таңатаровтың 2025 жылы мерейтойлық шығармашылық ән кешін өткізгені туралы жаздық.