Көлігіне қосымша жанармай багын орнатқан 255 жүргізуші жауапқа тартылды
Ішкі істер министрлігі қосымша бактармен заңсыз жабдықталған көлік құралдарын пайдалану арқылы жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкету фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу пункттерінің маңында 59 полиция бекетінің жұмысы ұйымдастырылды. Онда полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мемлекеттік шекараны кесіп өтетін көлік құралдарын тексеруден өткізуде.
«Жыл басынан бері қосымша отын бактары заңсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын пайдалану бойынша 255 құқық бұзушылық фактісі анықталды.
Құқық бұзушылардың барлығы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жауапкершілікке тартылғандардың ішінде 195 шетел азаматы және Қазақстан Республикасының 60 азаматы бар. Заңсыз орнатылған қосымша отын бактары бөлшектелгеннен кейін көлік құралдары иелеріне қайтарылды», - делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі азаматтар мен жүк тасымалдаушыларды заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады және жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкетуге бағытталған кез келген әрекеттер дер кезінде анықталып, жолы кесілетінін еске салады.
Еске сала кетейік, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты жол апаты бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр.