Референдум-2026

Данияр Елеусіновке қатысты жол апаты бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр

Бүгін, 10:32
Думан Аманжол Думан Аманжол
Данияр Елеусіновке қатысты жол апаты бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр
Фото: magnific.com

Астанада екі жол апаты салдарынан бірнеше автокөлікке зақым келді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орындарынан бой тасалаған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған көлік Достық көшесінің бойында анықталып, тоқтатылды. Жол апаты салдарынан зардап шеккендер жоқ. Осы факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады», деп хабарлады полицияда.

Сонымен қатар, адвокат Жасұлан Рахымғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында жол-көлік оқиғасына қатысқан жүргізушінің 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов екенін жазды. Оның мәліметінше, көлік Төле би мен Халифа бен Заид әл-Нахаян көшелерінің қиылысында болған жол апатынан кейін іздестіріліп, Достық көшесінің бойында тоқтатылған. Сондай-ақ адвокат Данияр Елеусіновтің полиция көлігіндегі фотосуретін жариялап, оның мас күйінде болғанын мәлімдеді.

Осы орайда полиция «Заң мен тәртіп» қағидаты өзгермейтінін атап өтті.

«Жауапкершілік адамның танымалдылығына, кәсібіне, лауазымына немесе сіңірген еңбегіне байланысты емес. Заңды бұзып, жауапкершіліктен жалтаруға әрекет жасаған әрбір адам заңда белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тартылатын болады», – делінген полиция хабарламасында.