Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы берілді
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Ұлы Отан соғысына қатысушы Кенжебай Мәденұлы Мәденовке (марқұм) «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Кенжебай Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда БҚО-да дүниеге келген.
Екінші дүниежүзілік соғыста «Берлин» операциясына қатысқан, Берлиндегі Рейхстагтан кейінгі ордасы Ратушаға бірінші болып өз взводын бастап кіріп, оны жаудан тазартудағы ерлігімен ел есінде қалған.
1943 жылдың қаңтарында Қызыл Армия қатарына шақырылды. 1943 жылдың қарашасынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін пулеметшілер бөлімінің командирі ретінде шепте, кейінірек офицерлер курстарын бітіріп атқыштар бөлімінің командирі ретінде үшінші Украина және бірінші Беларусь шептерінде соғысқан. Екі рет жарақатталған.
1946 жылдан бастап Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде жұмыс атқарады. 26 жыл ішінде оперативті-ізденіс жұмыстарының қызметкерінен Гурьев облысының Мемлекеттік кауіпсіздік комитеті басқармасының төрағасына дейін көтерілген. Қызметте жүргенімен қатар Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқып жүріп, оқуын сәтті аяқтаған.
Соғыс та алған ауыр жарақаттарының салдарынан 1974 жылы 26 желтоқсанда қайтыс болған.