Кейінгі бес жылдың ішінде 1120 мектеп салынды - Президент
Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың дәстүрлі Тамыз конференциясында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің сөзінше, бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі айрықша маңызды.
«Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Сондықтан мемлекет білім жүйесін дамытуға әрдайым баса назар аударады.
Соңғы жеті жылда бұл салаға бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті.
Кейінгі бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылды. Білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи үлгідегі пән кабинеттері жасақталды.
Өздеріңізге мәлім, осыдан екі жыл бұрын менің тікелей тапсырмаммен «Келешек мектептері» жобасы бастау алды. Осы жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Заманауи мектептердің жаңа стандарты пайда болды десек, артық болмайды. Алайда, біз әрбір өңірде, соның ішінде мектептерге сұраныс бар аудандарда сапалы оқу орындарының құрылысын міндетті түрде жалғастырамыз. Бұл – алдымызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уақытты созбай жұмысқа кірісуіміз керек, келесі жылы құрылыс барысы қарқынды болуы қажет», - деді Президент.
Ол сондай-ақ Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұрғанын айтты.
«Ұстаздың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр.
«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Биыл бұл заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді.
5 қазан күні ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді.
Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл мәртебелі наградамен марапатталған тұлғаларға қомақты сыйақы беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім марапатталды.
Басқа да лайықты ұстаздар мемлекет назарынан тыс қалмай, осы құрметті атаққа ие болары күмәнсіз. Соңғы үш жылда еліміздегі 3 мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз. TALIS-2024 (The OECD Teaching and Learning International Survey) зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр.
Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді. Атап айтқанда, ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін жеткізген.
Баршаңызға зор алғыс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайғанын да айтты.
«Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным.
Жалпы, еліміздегі білім саласын дамыту үшін көп жұмыс атқарылды. Нақты нәтижелер де бар.
Былтыр оқушыларымыз 30-дан астам беделді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды.
Ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайды. Осылайша, қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы айтарлықтай азайып келеді. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте, алдымызда көп жұмыс бар, оны тиімді атқаруымыз қажет.
Білім беру саласында әлі күнге дейін шешімін таппай отырған біраз түйткіл бар. Сондықтан бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталғанды жөн деп санаймын», - деді Президент.