Қазақстандық жас өнерпаздар Қытайдың үш қаласында қазақтың ұлттық өнерін таныстырды

Қазақстандық жас өнерпаздар Қытайдың үш қаласында қазақтың ұлттық өнерін таныстырды
Фото: Ұйымдастырушылар

Қазақстандық жас өнерпаздар Қытай Халық Республикасының Білім министрлігінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық мәдени-шығармашылық бағдарлама аясында Шэньчжэнь, Гуанчжоу және Бейжің қалаларында өнер көрсетіп, қазақтың ұлттық өнерін шетелдік көрерменге таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz. «Қыдырәли–Қарақат» мектеп-студиясына сілтеме жасап.

Гастрольдік сапар барысында өнерпаздар қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдениетін насихаттап, домбырамен өнер көрсетті. Халықаралық фестивальге Ұлыбритания, Шотландия, Тайланд, Ресей, АҚШ, Гонконг және алғаш рет Қазақстаннан келген жас өнерпаздар қатысты. Бұл балаларға әр елдің өкілдерімен шығармашылық тәжірибе алмасып, жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

Сапар тек концерттік бағдарламалармен шектелмей, Қытайдағы халықаралық мектептерге экскурсиялар, мәдени кездесулер және білім беру бағытындағы іс-шараларды қамтыды.

Сонымен қатар сапар барысында мектептер арасында достық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

Гастрольдік сапардың басты мақсаты — қазақтың ұлттық өнерін халықаралық деңгейде насихаттау, Қазақстан мен Қытай жастары арасындағы мәдени байланысты нығайту және жас өнерпаздардың шығармашылық көкжиегін кеңейту.