Кәсіподақтар федерациясы қазақстандықтарды жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды
ҚР Кәсіподақтар федерациясында Конституцияның жаңа жобасы талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Республикалық салалық кәсіподақтардың, еліміздің барлық өңіріндегі Кәсіподақ орталықтарының басшылары, кәсіподақ белсенділері қатысты.
ҚРКФ төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Сатыбалды Дәулеталин Конституциялық комиссия құрамындағы жұмыс туралы айтып, елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаның тарихи маңызын атап өтті.
«Конституциялық комиссияға бүгінгі таңда саяси партиялардан, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардан, ел азаматтарынан 4 000-нан астам ұсыныс пен өтініш келіп түсті. Бұл отандастарымыздың еліміздің Негізгі заңы қандай болатынына бейжай қарамайтындығын, сондай-ақ оның Референдумда халық тарапынан қабылданатынын білдіреді. Қазіргі өзгерістер мемлекетіміздің дамуындағы жаңа әрі тарихи кезеңді бастап береді», - деді ҚРКФ төрағасы.

Жаңа жобаның ішіндегі ең маңызды тұстарына тоқталған Сатыбалды Дәулеталин бірнеше жайтты айтты.
«Жобаның тұтастай алғанда әлеуметтік мемлекетке бағдарлануы ерекше маңызды. Кәсіподақтар үшін еңбек ету құқығы және оның конституциялық мазмұны – жаңа Конституция жобасындағы негізгі сәттердің бірі. Жоба қолданыстағы Конституциядан айырмашылығы, әркімнің еңбек етуге және қызмет түрін еркін таңдауға құқығын растайды. Бірақ ең басты жаңалық – бұл құқық енді мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігімен және адамның құндылығымен тікелей байланысты болады. Бұл дегеніміз, жұмысқа жай ғана «іс» деп емес, адамның лайықты өмір сүруінің негізі ретінде қарау. Еңбек ету құқығы дегеніміз – тек жұмыс орнының болуы емес, ол қауіпсіз еңбек жағдайы, әділ жалақы және жұмыс берушінің өз бетімен шешім қабылдауынан немесе кемсітуден қорғалу деген сөз. Осы құқықтың Конституцияда бекітілуі жұмысшының мәртебесін көтереді. Себебі кез келген реформа немесе цифрландыру жұмыстары алдымен еңбек адамын қорғау қағидасына сүйенуі керек », – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Өз кезегінде ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері туралы айтты. Ол жиынға қатысушылардың назарын мемлекетті басқару жүйесіне ұсынылатын өзгерістерге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты мәселелерге аударды.
Жаңа Конституция жобасын талқылай отырып, салалық және аумақтық кәсіподақ жетекшілері өз ұсыныстарын енгізіп, пікірлерін білдірді.
«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов қазіргі Конституция мен жаңа жобаны салыстыра талдау құқықтар мен бостандықтардың нақтыланғанын, сондай-ақ халықтың мүддесін қорғаудың заңды жолдары көрсетілгенін айтты.
Сонымен қатар химия, мұнай-химия және өндірістің ұқсас салалары қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Керім Примқұлүлы жаңа Конституция жобасында сот жүйесінде қорғау мен айыптаудың тең болуы өте маңызды екенін атап өтті.
«QAZAQMETAL KÁSIPODAǴY» Қазақстандық салалық тау-кен металлургия кәсіптік одағының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек Нұралин жаңа Конституция жобасында белгіленген парламенттік реформаның өзектілігіне тоқталды.
Ақтөбе облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев жиынға қатысушыларға сөз арнап, аймақтағы кәсіподақтардың атынан отандастарға жаңа Конституция жобасын қолдауға шақыратын Үндеу қабылдауды ұсынды.
Оның бұл ұсынысын басқа да кәсіподақ жетекшілері қолдады. Олардың арасында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы Айгүл Мұқашева, Алматы облысы Кәсіподақ орталығының басшысы Әсет Қыдырманов және басқалары бар.
Жиынға қатысушылардың пікірін тыңдаған ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мемлекет пен азамат үшін ең басты құндылықтар Конституция жобасында бекітілгенін айтты. Сондай-ақ басты заң жобасын қолдау бұл мемлекеттің және оның халқының одан әрі дамуына азамат ретінде өз үлесін қосу дегенді білдіретінін атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан қазақстандықтарға Үндеу қабылдауды қолдады.
ҮНДЕУ
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгінгі таңда Қазақстанда елдің жаңа Конституциясының жобасын дайындау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Конституциялық комиссия Негізгі заңның заманауи шынайылық пен қоғамның өзекті сұраныстарына негізделген жаңа редакциясын әзірлеп шықты.
Қазіргі уақытта мемлекетіміздің болашағына тікелей ықпал ететін айрықша тарихи кезең басталып отыр.
Осы құжатты қолдау туралы шешім қоғамның келешегіне, тұрақтылыққа және мемлекеттің ұзақ мерзімді даму векторына ықпал етеді.
Дәл осындай жауапты сәтте әрбір азаматтың жеке пікірі мен ұстанымы ерекше мәнге ие болмақ.
Еліміздегі екі миллионға жуық еңбек адамының мүддесін қорғайтын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жүргізіліп жатқан конституциялық реформаны толық қолдайтынын мәлімдейді. Сонымен қатар, әлеуметтік мемлекетті дамытуға, еңбек адамының мәртебесін нығайтуға және азаматтардың елді басқару ісіне қатысуын кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды ережелерді ерекше атап өтеді.
Біз жаңа Конституция жобасын – адам құндылығы кез келген жүйеден биік тұратын нағыз халықтық заң деп есептейміз.
Бұдан бөлек, жаңа Конституция жобасында әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық бірлік басты құндылықтар ретінде айқындалған.
Еңбекті қорғау, білім беру және алға басу мемлекеттің стратегиялық басымдықтары болып белгіленді.
Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебесін толықтай сақтап қалады.
Осы орайда әлеуметтік бағыт, әрбір азаматтың қауіпсіздік тетіктері, заң алдында бәрінің тең болуы, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін және еңбегін қорғау шаралары күшейтілді.
Аталған бағыттардың барлығы кәсіподақтар үшін өзгермейтін басты қағидаттар.
Конституциялық реформа еліміздің дамудың жаңа сапалы деңгейіне өтуін көздейді.
Жобада ұсынылған Халықтық кеңес пен Құрылтай жұмысына қатысты нормалар — бұл демократиялық институттарды нығайтуды және қоғамның мемлекеттік басқару мен маңызды шешімдер қабылдау ісіне қатысу сапасын арттыруды көздейтін жүйелі қадамдар.
Осы үдерістерге азаматтық қоғамның, соның ішінде кәсіподақтардың қатысуы миллиондаған жұмысшылардың мүддесін қорғауға нақты жол ашады.
Жаңа Конституция жобасында тәртіпке, кәсібилікке, адал еңбекке және заңды құрметтеуге негізделген, маңызды өмірлік ұстаным ретіндегі жасампаз патриотизм бекітілген.
Халықтың әл-ауқатын көтеру тұңғыш рет конституциялық мақсат болып айқындалды.
Осылайша, азаматтар мен еңбек адамының өмір сүру сапасы дамудың ең басты өлшемі ретінде анықталады.
Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары туралы халықаралық пактке толық сай келеді.
Жобада жұмыс орнының қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларына, еңбегі үшін қандайда бір кемсітусіз сыйақы алуға, сондай-ақ заңға сәйкес әлеуметтік қорғалуы құқығына кепілдік береді деп нақты бекітілген.
Жоба әркімнің еңбек етуге және қызмет түрін еркін таңдауына құқығы бар екенін растайды, алайда бұл құқықтың мемлекеттің әлеуметтік сипаты мен адам басымдығы аясында қаралуы өте-мөте маңызды.
Кәсіподақтар үшін жобаның басты элементі — еңбек ету құқығы және оның конституциялық жанжақты қамтылуы болып табылады. Жаңа жоба әр адамның қалаған жұмысымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттің басты назарында жүйе емес, адам және оның мүддесі тұратынын дәлелдейді. Бұл жұмыскерлердің мүддесіне және әлеуметтік диалогта дәйекті түрде қорғалып жүрген кәсіподақтардың мақсаттарына сәйкес келеді.
Біз, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы атынан бұл конституциялық реформа қоғамды біріктіріп, еңбек адамының абыройын арттыратына және әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге мүмкіндік жасайтынына нық сенімді білдіреміз. ҚРКФ Әділетті Қазақстанды құру жолындағы өте маңызды қадам ретінде Конституция жаңа жобасын қолдайтынын мәлімдейді.
Кәсіподақ тарапынан конституциялық реформаны қолдау саналы әрі жауапты ұстаным. Біз жаңа Конституцияны алдағы уақытта еңбек заңнамасын жақсарту, әлеуметтік әріптестікті дамыту және лайықты еңбек кепілдіктерін нығайту негізі ретінде қарастырамыз.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Жаңа конституцияны қабылдау Әділетті Қазақстанды құруға ықпал етеді, сонымен қатар бұл мемлекеттің адам мен оның еңбегіне құрмет және қоғамдағы ынтымақтастық негізінде саясатын қалыптастыруға дайындығын растайды деп санайды.
Біз барлық азаматтарды ел болашағы үшін жалпы жауапкершілікті анық сезінуге және дайындалған жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырамыз.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы
2026 жыл 6 ақпан, Астана