ІІМ жүргізушілерді боран мен көктайғақ кезінде жолға шықпауға шақырады
Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді боран мен көктайғақ кезінде жолға шықпауға шақырады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Ішкі істер министрлігінің қолайсыз ауа райы жағдайлары туралы бірнеше рет берген ескертуіне қарамастан, кейбір жүргізушілер боран мен көктайғақ кезінде жолға шығуда. Салдарынан автомобиль жолдарында көлік құралдарының қар құрсауында қалу жағдайлары тіркеліп жатыр. Нәтижесінде жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндіруде. Бұл полицияның қосымша күштерін тартуды қажет етеді», - деп жазылған хабарламада.
ІІМ атап өткендей, қозғалысқа шектеулер мен жолдарды жабу шаралары жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында ғана енгізіледі. Полиция қызметкерлерінің талаптары мен енгізілген шектеулер міндетті түрде орындалуы тиіс.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді дауылды ескертулерді ескеріп, қолайсыз ауа райында сапарға шықпауға және жол қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Бұған дейін «Алматы - Өскемен» тасжолында жол-көлік апаты болып, төрт адам қаза тапқанын жаздық.