Ғабит Тәжімұратов: Ұлттық құрылтай – саяси жаңғыру мен стратегиялық дамудың жаңа кезеңі

Бүгін, 17:58
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Ғабит Тәжімұратов: Ұлттық құрылтай – саяси жаңғыру мен стратегиялық дамудың жаңа кезеңі
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Бүгін өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саяси, экономикалық және институционалдық дамуына қатысты маңызды бастамалар көтерді. Мемлекет басшысының сөзінде басқару жүйесін жаңғырту, халық өкілдігінің рөлін күшейту және ұзақмерзімді стратегиялық басымдықтарды айқындау мәселелері кеңінен қамтылды. Мұндай пікірді Астана қаласы мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Саяси жүйені жаңарту аясында Президент Парламенттің атауын «Құрылтай» деп өзгерту мүмкіндігін ұсынып, бір палаталы, ықшам әрі тиімді заң шығару органын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Мұндай формат тарихи дәстүр мен қазіргі заман талаптарын ұштастыра отырып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту, оның саяси салмағы мен жауапкершілігін арттыру мәселесі де күн тәртібіне шығарылды. Құрылтайдағы пікірталастар тек саяси реформалармен шектелмей, ел дамуының экономикалық және инфрақұрылымдық аспектілерін де қамтыды. Президент көлік саласының, соның ішінде азаматтық авиацияның стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Әуе қатынасының қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыру, әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, халықаралық бағыттарды дамыту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейту – мемлекеттің ұзақмерзімді экономикалық өсіміне тікелей әсер ететін факторлар ретінде қарастырылды», - деді мәслихат депутаты.

Депутаттың айтуынша, авиация саласын дамыту тек жолаушылар тасымалымен шектелмей, логистика мен жүк әуе тасымалының мүмкіндіктерін кеңейтуге де жол ашады.

«Бұл Қазақстанды өңірлік деңгейде маңызды көлік-логистикалық хабқа айналдыруға, халықаралық сауда байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы атап өткен бұл бағыттар жаһандық жеткізу тізбектеріндегі елдің орнын күшейтуге негіз қалайды. Жалпы алғанда, Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар ашық басқару қағидаттарына, тиімді мемлекеттік институттарға және заманауи инфрақұрылымға сүйенген даму моделін қалыптастыруға бағытталған. Бұл ұсыныстар елдің тұрақты дамуына, экономикалық бәсекеге қабілеттілігіне және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға арналған жүйелі қадамдар ретінде бағаланады», - деді Ғабит Тәжімұратов.