Ғабит Тәжімұратов: Цифрландыру және ЖИ жылы – технологиялық салалар үшін үлкен мүмкіндік

Ғабит Тәжімұратов: Цифрландыру және ЖИ жылы – технологиялық салалар үшін үлкен мүмкіндік
Фото: Ғабит Тәжімұратовтың жеке мұрағатынан

Елорда мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов Мемлекет басшысының жаңажылдық үндеуінде айтылған басымдықтарға қолдау білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Құрметті елорда тұрғындары, қадірлі отандастар!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жаңа жыл қарсаңындағы үндеуі ел дамуының нақты нәтижелерге негізделгенін тағы бір мәрте көрсетті. 2025 жыл – экономикасы нығайып, инфрақұрылымы жаңарып, әлеуметтік міндеттемелері жүйелі түрде орындалған жыл болды.

Астана қаласының мәслихат депутаты әрі Қазақстанның Азаматтық авиация қауымдастығының жетекшісі ретінде Президент белгілеген басымдықтарды толық қолдаймын. Көлік, логистика және авиация салаларындағы тұрақты даму – елдің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды көрсеткіші. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты қадамдар жасалып, заманауи талаптарға сай жаңғыру жүріп жатыр.

2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы – әсіресе технологиялық салалар үшін үлкен мүмкіндік. Азаматтық авиацияда цифрлық шешімдер қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді. Бұл – болашаққа салынған берік инвестиция.

Президенттің мереке күндері де ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға білдірген алғысы – қоғамдағы әр мамандықтың маңызын көрсететін тағылымды сөз. Бұл сенім мен құрмет бізге жаңа жауапкершілік жүктейді.

Ал жастарға артылған үміт – еліміздің ертеңіне деген сенім. Білімді, еңбекқор, отаншыл ұрпақ қана Тәуелсіз Қазақстанды биік белестерге шығарады.

Бірлік пен тұрақтылықты сақтай отырып, Мемлекет басшысы бастаған игі бастамаларды бірге жүзеге асырайық.
Жаңа жыл әр шаңыраққа береке, елге тыныштық пен өсім әкелсін!
Қазақстанымыз өркендей берсін!», - деп атап өтті Астана қаласы мәслихатының депутаты.

Естеріңізге салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға жаңажылдық үндеуін жариялады.