Ертіс өзенінің экожүйесін сақтау үшін 6,3 млрд текше метр су жіберіледі

15 сәуір, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ертіс өзенінің экожүйесін сақтау үшін 6,3 млрд текше метр су жіберіледі
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі Абай облысы аумағындағы Шүлбі су қоймасынан Ертіс өзені бассейнінің экожүйесін қолдау және сақтау үшін қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жалпы алғанда су қоймасынан 6,3 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр.

Су жіберу жұмыстары 4 мамырға дейін жалғасады. Негізгі кезеңі 30 сәуірге дейін өтеді. Осы уақыт аралығында су жіберу көлемі секундына 2000-3500 текше метрді құрайды. Ең жоғары көлем секундына 3500 текше метр болады. Бұл көлем 10 тәулік бойы жіберіледі.

Су жіберу басталғанға дейін Шүлбі су қоймасынан төмен орналасқан өзен арнасында дайындық жұмыстары жүргізілді.

«Табиғат қорғау мақсатындағы су жіберу жыл сайын жүргізіледі. Бұл шаралар балықтардың уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасау, жайылма жерлерді сумен қамтамасыз ету және Павлодар облысы ауыл шаруашылығы үшін мал азығын өндіруді қолдау мақсатында қажет», - деді Ертіс бассейндік су инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы.

Еске салайық, бұған дейін еліміздің су ресурстарын басқарудың цифрлық жүйесін енгізу мәселесі талқыланғаны туралы жаздық.