Елордалықтар iKOMEK 2.0 ақпараттық жүйесінде 1 миллионнан астам өтініш берген

Бүгін, 16:37
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордалықтар iKOMEK 2.0 ақпараттық жүйесінде 1 миллионнан астам өтініш берген
Фото: iKOMEK 109» Астана қаласы әкімдігінің Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы

Жыл басынан бері жаңа iKOMEK 2.0 ақпараттық жүйесінде елорда тұрғындарынан 1 миллионнан астам өтініш тіркелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің Бірыңғай байланыс орталығына сілтеме жасап.

Орталықтың мәліметінше, тұрғындар көбіне денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, электрмен жабдықтау, қалалық орта және коммуналдық қызметтер мәселелері бойынша жүгінген. Сондай-ақ жол инфрақұрылымы, білім беру, санитарлық тазалық, анықтамалық ақпарат және құқықтық тәртіп мәселелері де ең өзекті бағыттардың қатарында.

«Жыл басынан бері жаңғыртылған iKOMEK 2.0 ақпараттық жүйесін толықтай іске қостық. Бұл жүйе заманауи архитектуралық тәсілдер мен икемділік қағидаттарына негізделіп жасалған. Бүгінгі таңда ақпараттық жүйе арқылы азаматтардың 1 миллион өтініші сәтті қабылданып, өңделді. Енгізілген жүйенің алғашқы нәтижелері оң әсерін көрсетуде, бұл қуантпай қоймайды. Соның ішінде өтініштерді қарау жылдамдығының артуы – қазіргі цифрлық қызметтерге қойылатын талаптар күшейген кезеңде аса маңызды көрсеткіштердің бірі.

Жүйені жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Негізгі мақсат – елорда тұрғындары мен қалалық қызметтер арасындағы байланысты барынша жеделдетіп тиімді ету», - дейді «iKOMEK 109» Астана қаласы әкімдігінің Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы басшысы Асқар Тақсымов.

Орталық елорда тұрғындарына белсенді азаматтық ұстаныммен қала дамуына үлес қосып отырғандары үшін алғыс білдіреді.