Елордалық ұстаз шәкірттерімен бірге зияткерлік ойын жасап шығарды

Елордалық ұстаз шәкірттерімен бірге зияткерлік ойын жасап шығарды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгінде білім беру саласында оқушының зейінін шоғырландырып, алған білімін бекітудің тиімді жолдарын іздеу өзекті мәселеге айналды. Осы бағытта 5-8 сынып оқушыларына арналған жоба білімді ойын арқылы меңгертуге негізделген, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Зейін мен зият» зияткерлік үстел ойынының авторы елордадағы №87 мектептің қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі Әйгерім Біржанқызы.

Ойынның құрылымы мен ережесі
«Зейін мен зият» ойыны екі ойыншыға немесе екі командаға арналған. Жас ерекшелігі ескеріле отырып ұйымдастырылады. Әр қатысушыға сары және көк түсті фигура беріледі. Ойын алаңы, сандары бар текше және сұрақ картасы негізгі құралдар.

Қатысушы текшені алаң ортасына лақтырып, түскен санға сәйкес алға жылжиды. Мысалы, 2 саны түссе  2 қадам, 3 саны түссе 3 қадам жасайды. Тоқтаған жерінде берілген сұраққа жауап береді. Егер дұрыс жауап берсе, сол орында қалады. Қате жауап берсе, бастапқы орнына қайта оралады. Осылайша кезек келесі қатысушыға өтеді. Ойын мәреге жеткенде аяқталады. Қызығушылықты арттыру мақсатында 3-4 айналым ұйымдастыруға да болады.

Жобаның басты артықшылығы - ойын алаңының әмбебаптығы. Суреттерді өзгертпей-ақ, сұрақ картасын түрлі тақырыпта алмастыруға мүмкіндік бар. Мысалы, «Теңге ілу» атауымен ұлттық валютаға қатысты сұрақтар енгізуге болады. Сол сияқты «Менің Қазақстаным», «Ұлы тұлғалар», «Тарих тағылымы» секілді бағыттарда да мазмұн құрастыруға мүмкіндік бар.

Бұл тәсіл ойынды бір сарынды етпей, түрлі пәнге бейімдеуге жағдай жасайды. Мұғалімдер үшін сабақты бекіту құралы ретінде, ал кітапханаларда кітап талдауға арналған әдіс ретінде қолдануға болады.

Ұлттық элемент - асық механикасы
Ойын классикалық «жолмен жүретін» үстел ойындарының логикасына (алға жылжу, мәреге жету) және викториналық сұрақ-жауап форматына сүйенген. Алайда оның басты айырмашылығы - текшенің орнына ұлттық ойын элементі ретінде асық қолданылуы.

Қатысушы асықты ортаға иіреді. Асықтың түсу қалпына қарай қадам саны анықталады. Бұл әдіс ұлттық құндылықты дәріптей отырып, оқушылардың қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар ойынға динамика мен күтпеген элемент қосады.

Ойын авторлары елордадағы №87 мектептің оқытушысы мен оқушылары. Автордың сөзінше, мектеп ішінде ойынға деген қызығушылық жоғары. 

Жобаны тек мектепте ғана емес, жанұяда, үйірмелерде, тәрбие сағатында, кітапханада да оңай ұйымдастыруға болады. Бұл оның аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Нарыққа шығаруға мүмкіндік бар ма?
Әйгерім Біржанқызының айтуынша, ойынды алдымен мектеп ішінде апробациядан өткізу жоспарланған. Кейін сұрақ картасын толықтырып, дизайн мен ережесін нақтылап, шағын тиражбен нарыққа шығару көзделіп отыр.

«Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде интерактивті әдістерге сұраныс артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Зейін мен зият» ұлттық құндылық пен заманауи оқыту тәсілін үйлестірген тың жоба. Егер жоспар жүзеге асса, бұл ойын мектеп тәжірибесінде ғана емес, білім беру нарығында да өз орнын табуы әбден мүмкін», - дейді автор.

 «Зейін мен зият» ойынының идеясы оқушылардың зейінін арттыру және білімді ойын түрінде қайталау қажеттілігінен туған. Сонымен бірге бір алаңды әр пәнге бейімдеу арқылы әмбебап білім құралы жасау мақсаты көзделген.

Мөлдір ҚАБЫКЕН