Елордалық кәсіпкерлер Наурыз мерекесіне орай қайырымдылық акцияларын өткізіп жатыр

Бүгін, 15:43
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордалық кәсіпкерлер Наурыз мерекесіне орай қайырымдылық акцияларын өткізіп жатыр
Фото: Астана қаласы әкімшілігі

Наурызнаманың онкүндігі аясында 15 наурыз – Қайырымдылық күні ретінде атап өтіледі. Осы күнге орай елордалық кәсіпкерлер қала бойынша мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге бағытталған акциялар мен қайырымдылық іс-шараларын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының ресми сайтына сілтеме жасап. 

Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының қызметкерлері кәсіпкерлермен бірлесіп қайырымдылық бастаманы қолдап, донорлық акцияға қатысты.

Ведомствоның шамамен 60 қызметкері қан тапсырып, донорлық көмекке мұқтаж науқастарға жәрдем беру мақсатында Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына барды.

15 наурыз күні қалада бірқатар әлеуметтік іс-шаралары да  ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, «Үміт» дағдарыс орталығының қамқорлығындағы азаматтар үшін елорда бойынша екі қабатты Red Bus автобусымен шолу экскурсиясы өткізілді.

Сонымен қатар мерекелік іс-шаралар аясында «Науат» мейрамханасы курьерлер мен коммуналдық қызметкерлерге палау таратты. Ал Астана халықаралық әуежайында шетелдік туристерге қонақжайлылық белгісі ретінде қазақстандық шоколадтар табысталып жатыр.

Осындай іс-шараларды өткізу қоғамда өзара көмек, мейірімділік және әлеуметтік жауапкершілік дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.

Елорда кәсіпкерлерінің бірі атап өткендей, мұндай акциялар Наурыз мерекесін атап өту кезінде жақсы дәстүрге айналған.

«Наурыз – игі істер мен қолдау көрсететін уақыт. Біз бұл күні қаланың игілігі үшін күн сайын еңбек етіп жүрген немесе көмекке мұқтаж жандарға назар аударуды маңызды деп санаймыз. Осындай бастамалар адамдарды біріктіріп, мейірімділік пен алғыс білдірудің құндылығын еске салады», – деді кәсіпкер.

Еске салайық, бұған дейін Астанада жүздеген отбасыға азық-түлік себеті тапсырылғаны туралы жаздық.