Елордалық дәрігерлер тұрғындарға вакцинацияны уақытылы алудың маңызын айтты

Бүгін, 17:45
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елордалық дәрігерлер тұрғындарға вакцинацияны уақытылы алудың маңызын айтты
Фото: freepik.com

Қазіргі уақытта вакцинация көптеген аурудың таралуына қарсы күрестегі ең тиімді шаралардың бірі болып отыр. Уақытында салынбаған екпе түрлі қиындықтарға әкелуі мүмкін. Елордадағы жоспарлы екпе науқаны туралы қалалық №2 емхананың педиатр-дәрігерлері баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі кезде әртүрлі себеппен балаларына екпе салдырудан бас тартатын ата-аналар да кездеседі.

«Тәжірибемде бір жағдай болды: 18 жастағы жігіт шетелдік жоғары оқу орнына түсуге дайындалып, емханаға жүгінді. Алайда ол өмірінде бірде-бір вакцина алмаған, тіпті перзентханада салынатын БЦЖ екпесі де жасалмапты. Құжат тапсыру кезінде екпелер тізімі қажет болған соң бізден көмек сұрады. Бірақ ол кәмелет жасына толғандықтан, көмектесе алмадық. Вакцина алған адам қорғалған болады. Ал екпе салынбаған науқастарда жұқпалы ауру кезінде асқынулар жиі болып, өкпе қабынуына ұласуы мүмкін, өкінішке қарай, өлім жағдайлары да кездеседі. Сонымен қатар, мектептерде біздің мамандар жасөспірім қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жүргізіп жатыр. Бас тарту жағдайлары әзірге тіркелген жоқ. Осы орайда ата-аналарға мынаны ескерткім келеді: бүгінде екпе паспорты жоқ балалар балабақшаға қабылданбайды», - деді №2 қалалық емхананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі Алтынгүл Жүрсінова.

Балаларды екпеге дайындау барысында мейірбикелерге маңызды әрі жауапты міндет жүктеледі.

«Бала дүниеге келген сәттен бастап анасымен жұмыс жүргіземіз, әңгімелесеміз, патронажға барамыз. Арадағы сенім қалыптасады. Барлық сұраққа ашық әрі нақты жауап беремін. Көпшілігі дәрігердің сөзіне сену керек екенін түсінеді. Алайда кейде діни немесе басқа себептермен баласына екпе салдырғысы келмейтін ата-аналар да кездеседі. Ондай жағдайда біз мәжбүрлемейміз, бірақ салдары туралы ескертеміз», - деді учаскелік мейірбике Асылгүл Арғымбаева.

Бұған дейін медициналық қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптар күшейтілгенін жаздық.