Медициналық қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптар күшейтілді

Бүгін, 13:55
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Медициналық қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптар күшейтілді
Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігі ТМККК және МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді қаржыландыруда қаржылық тәртіп пен сапаны бақылауды күшейтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Медициналық ұйымдарды қаржыландыруды талдау көрсеткендей, 2020 жылдан бастап жеке медициналық ұйымдар санының 635-тен 1 228-ге дейін өсуі және медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетушілер санының 215-тен 336-ға дейін ұлғаюы салыстырмалы түрде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартқан жоқ.

Осыған байланысты 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық қызмет көрсетушілермен шарттарға алғаш рет экономикалық ықпал ету шараларын қолдана отырып, әкімшілік көрсеткіштерді, медициналық-санитариялық алғашқы көмек пен жедел медициналық көмекті қамтитын 11 сапа индикаторы енгізілді.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша белгіленген индикаторларға қол жеткізбегені үшін 2,8 млрд теңге, оның ішінде әкімшілік көрсеткіштер бойынша – 2,1 млрд теңге, МСАК бойынша – 661 млн теңге және жедел медициналық көмек бойынша – 19,2 млн теңге сомасына экономикалық ықпал ету шаралары қолданылды. 2026 жылы индикаторлардың саны 15-ке дейін ұлғайтылды.

Былтыр 1 шілдеден бастап көрсетілген медициналық қызметтер мониторингісін автоматты бақылайтын электрондық жүйе енгізілді. Медициналық қызметтердің тіркеу мен құнын арттыру ақаулар жіктеуішінен шығарылып қаржылық бұзушылықтарға теңестірілді. Олар анықталған кезде материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. Сонымен, 2025 жылы 73 материал жіберілді, оның ішінде 60-ы үй-жайларға қатысты. Ал 2024 жылы мұндай 40 жағдай болған.

2025 жылғы 1 қазаннан бастап нақты шығындарды ескере отырып, күндізгі стационар қызметтеріне тарифтер қайта қаралды, бұл шығындарды 2,1 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік берді», - делінген хабарламада.

ТМККК шеңберінде күндізгі стационар қызметтерін орналастыру бекітілген халқы бар ұйымдардың арасында ғана жүзеге асырылады, нәтижесінде өнім берушілердің саны екі есеге азайды.

Бұдан басқа, белсенді емес және сақтандырылмаған халық үшін МСАК-ты жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі қайта қаралды. Нәтижесінде МСАК ұйымындағы өтініштердің саны 40%-ға немесе 2,2 млн адамға ұлғайды, ал бөлінген қаражаттың көлемі 15 млрд теңгеден асты.

Бұл ретте бір жылдың ішінде медициналық көмекке жүгінбеген пациенттердің саны 5,6 млн-нан 3,4 млн адамға дейін қысқарды.

Медициналық көмекті қосарланған қаржыландыру, қаражатты мақсатсыз пайдалану және пациенттердің тарапынан көрсетілген қызметтерді растаудың болмауы қауіптері сақталады.

Осыған байланысты министрлік ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру, медициналық қызмет алуды цифрлық растауды енгізу және лицензиядан кейінгі бақылауды күшейту жөнінде шаралар қабылдады.

Іске асырылып жатқан шаралар денсаулық сақтаудың ашық және басқарылатын жүйесін қалыптастыруға, ТМККК және МӘМС қаражатын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Бұған дейін еліміздегі 126 медициналық ұйымда госпитальдық фармация бөлімшелері енгізілгенін жаздық.