Елордалық Айгүл Ержанова 13,5 тонна автобусты сүйреп рекорд жаңартты
Астанада 55 жастағы бастауыш сынып мұғалімі, әлем чемпионы Айгүл Ержанова салмағы 13,5 тонналық автобусты сүйреп, әлем рекордын жаңартты. Көпті таңғалдырған ерекше оқиға Астанадағы №1 автопаркте өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұйымдастырушыларға сілтеме жасап.
Іс-шараға БАҚ өкілдері мен автопарк қызметкерлері, Азия мен Африка бойынша GLOBAL BEST RECORDS ұйымының бас тіркеу офицері Қуандық Құдайбергенов қатысты. GBR офицері алдымен автобустың, таңдалған орынның талаптарға сай келетініне әбден көз жеткізіп, рәсімді өткізуге рұқсат берді.
Әлем чемпионы кезекті рекорд орнату рәсіміне үлкен дайындықпен келген. Ауыр атлет автобусты сүйреуді сағат 09:49-да бастап, 09:50- да аяқтады, яғни небәрі 1 минутта 10 метрге жеткізді. Шараға куә болғандар бұған ерекше таңғалып, мұның үлкен ерлік екенін айтты.
GVR-дың ресми өкілі Қуандық Шыңғысұлы Айгүл Ержановаға ұйымның алтын медалын табыстады.
Айта кетейік, ұстаз қаладағы №50 мектепте сабақ береді, ол Президент Қ.Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» марапатын иеленген. Сондай-ақ спортқа аяқ басқан алғашқы 1,5 жылдың ішінде ауыр атлетикадан 45 медаль иеленген, 8 рекорд орнатқан, оның ішінде ауыр жүк көліктерін сүйреу де бар.
Іс-шараны спортты қолдау аясында «№1 Автобус паркі» АҚ-ның ұйымдастырды.
