Елордада жалған жөндеуші 18 тұрғынды 3 млн теңгеге алдап соққан

Елордада жалған жөндеуші 18 тұрғынды 3 млн теңгеге алдап соққан
Фото: pexels.com

Астанада жөндеушінің атын жамылған алаяқ тұрғындардың ақшасын алып, қашып кетіп отырған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қаскүнем дәмхана, компьютер клубы мен дүкендерді аралап, өзін кондиционер, бейне камера, ауа тартқыштарды жөндейтін маман ретінде таныстырып, жабдықтарды тексеріп жатқандай әрекет жасаған.

Ол пайдакүнемдік ниетпен әрекет етіп, мекеме қызметкерлері мен иесін адастырып, техникалық қызмет көрсетіп жатқандай көрініс қалыптастырады. Жәбірленушілердің сеніміне кірген сәттен, олардың ірі ақшасын ұсақ ақшаға айырбастап беруді ұсынып, ақша өзінің көлігінде бар екенін айтып, сол жерден шыққан сәтте қашып кеткен.

Алаяқтың әрекетінен 18 адам зардап шегіп, шамамен 3 млн теңге шамасында шығын келтірілген. Ол қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.

Прокурор ұсынған айғақ негізінде сотталушының кінәсі толықтай дәлелденді.

«Сот үкімімен ол 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Материалдық шығын өндірілді. Үкім заңды күшіне енді», делінген хабарламада.