Елордада құрылыс саласының мамандары жаңа Конституция жобасын талқылады
Астанадағы «SvoyDom» ЖШС кеңсесінде құрылыс саласының мамандарына Конституция жобасының негізгі ережелері таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Құқықтық сауаттылықты арттыру және жастардың азаматтық белсенділігін күшейту мақсатында ұйымдастырылған ақпараттық-түсіндіру іс-шарасына ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтынан спикерлер келді. Түсіндіру жұмысы ашық пікір алмасу түрінде өтті.
«Бұл Конституция бұрынғы Конституциядан өзгеше, берік құқықтық негіз бен айқындық береді. Онда адам құқықтарының ауқымы кеңейтіліп, құжат адамға бағдарланған сипатқа ие болады. Ол бүкіл дамудың және мемлекеттік саясаттың өзегіне айналады. Бұл қағида преамбуладан бастап қорытынды ережелерге дейін айқын көрініс табады. Өзгерістерге келетін болсақ, бір палаталы парламент енгізіледі, вице-президент лауазымы тағайындалады, сондай-ақ негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қамтитын Халық кеңесі құрылады.
Біз, ең бастысы — Қазақстанның оқшау өмір сүрмейтінін есте ұстауымыз керек. Жаһандану дәуірінде халықаралық серіктестер бізге болашағы зор стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Ал стратегиялық серіктес болу үшін, ең алдымен құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен айқындығына мән беріледі. Менің ойымша, біздің Конституциямыз осы талаптардың барлығына жауап береді. Сондықтан барлығыңызды рферендумда дауыс беруге шақырамын», - деді Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Халықаралық құқық және салыстырмалы құқықтану бөлімінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Дана Абдакимова.
Кездесуде жастар жаңа Конституция жобасының өздерін толғандырған нормаларына қатысты сауалдар қойып, мамандардан сауатты жауаптар алды.



