Елордада «ÓzgeEpic» хабында «Boran-Буран» көрмесі ашылды
Астанадағы «ÓzgeEpic» креатив хабының бастамасымен суретші және сәулетші Әсел Есжанованың «Boran–Буран» деп аталатын алғашқы жеке көрмесі ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоба қоғамның мәдени жадын, автор өмірбаянын, ғарыш және метафизикалық кеңістік тақырыптарын тоғыстырып, көрерменді визуалды және дыбыстық саяхатқа жетелейтін көркемдік оқиға ретінде ұсынылды.
Көрме Әсел Есжанованың сәулеттен көркемдік практикаға өткен жеті жылдық шығармашылық жолын негізге алады. Бұл бетбұрыс Қазақстан аймақтарына, соның ішінде Арал теңізіне жасалған сапардан бастау алған. Автордың айтуынша осы сапарында ол архитектуралық шешімдермен түсіндіре алмайтын, жаңа материалдар мен жаңа медиумдарды қолдануды қажет еткен экзистенциалды сұрақтардың жауабын тапқан. Экспозиция табиғатпен байланыстың үзілуі, тарихи жара мен жадының қайта түзілуі тақырыптарын бір арнаға тоғыстыратын жауап ретінде таныстырылды.
«Бұл көрме – менің жадымның бейнесі. Әр еңбек жоғалған сабақтастықты қайта табуға ұмтылыс», - деді жоба авторы Әсел Есжанова.
Жобаның атауының өзі – бір концепция. «Боран» даланың қарлы дауылын да, суретшінің балалық шағында әжесі қойған еркелету лақап атын да білдіреді. «Буран» – Байқоңырдан ұшырылған кеңестік ғарыш бағдарламасының мәдени-тарихи ишарасы. Табиғат, жеке естелік және тарих тақырыптыран тоғыстырған үш өлшем көрме бойы бір-бірімен үнсіз диалогта болып, жаңа мағына тудырды.
Экспозицияның жүрегінде 4 метрлік «Келу / Прибытие» инсталляциясы орналасты. Арал теңізінен әкелінген ескі қайық бесік формасына келтіріліп, кеңістікте тік құрылым түзеді. Туындының ерекшелігі – оның көрерменге иммерсивті мүмкіндіктер ұсынуында. Әр адам бесіктің ішіне жатып, жұмыспен тікелей, тәни деңгейде байланыс орната алды.
Инсталляцияға арналған саунд-артты композитор Бексұлтан Бағытжан (Jeltoksan) әзірледі. Дыбыстық композицияда Арал теңізінің дыбыс таспасы, айналадағы ландшафт үні және суретшінің анасы Клара Есжанованың орындауындағы бесік жыры біріктірілген. Бұл акустикалық кеңістік көрерменнің жан дүниесін тебірентіп, сезім пернелерін дөп басты.
«Бұл көрме жан-дүние үні мен заманауи өнердің тоғыстыра алды», - деді жобаның ұйымдастырушылары, «ÓzgeEpic» креатив кеңістігінің директоры, продюсер Тоғжан Құрманжанқызы.
Экспозицияның өзегін киіз бен ағаш құрады. Киіз тек тұрмыстық материал емес, ұжымдық жадтың және буындар арасындағы байланыстың белгісі ретінде ұсынылды. Күйдірілген қарағай мен Аралдан алынған ескі қайық уақыт пен кеңістіктің символына айналып, жаңа мифологияның діңгегі болды. Осы материалдар арқылы автор далалық өркениеттің тұрмысын да, жарасын да, үмітін де бір кеңістікте ұстады.
«Boran–Буран» әр көрерменге өз ішкі тарихымен бетпе-бет келуге мүмкіндік берді», - деді «ÓzgeEpic» креатив хабының негізін қалаушы, медиаменеджер Мақпал Жұмабай.