Елордада мәдениет қайраткерлері жаңа Конституция жобасын талқылады
Астанадағы «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық Коалициясының қалалық штабының мүшелері және елдегі жетекші қоғамдық-саяси бірлестіктердің өкілдері «OzgeEpic» креативті хаб орталығына барып, қалалық мәдениет басқармасы мен креативті индустрия өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Спикерлердің баяндамаларын тыңдаған мәдениет қайраткерлері өз пікірлерін айтты.

«Мәдениет саласында жұмыс істейтін адам ретінде шығармашылықпен еркін, еш шектеусіз айналысуға мүмкіндік беретін тармақтарды атап өттім. Ол Конституция аясында авторлық құқықпен қорғалған. Бұл мен үшін де, әріптестерім үшін де өте маңызды», - деді Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Бекболат Арыстанбеков.

Өз пікірін елордалық суретші Ақмарал Бахитова да білдірді.
«Маған суретші ретінде зияткерлік меншік құқығының қорғалуы маңызды. Бұл Конституция жобасында қарастырылған. Біздің еңбегіміз қорғалатын болады және бұл сенім ұялатады. Менің ойымша, Конституцияда азаматтарымыздың игілігіне бағытталған маңызды тармақтар өте көп. Суретші ретінде ең алдымен өз қызметіме қатысты тұстарға назар аудардым», - деді суретші.
Бұған дейін жалпыұлттық коалиция белсенділері ақпараттық науқанды бастағанын жаздық.