Елордада көлік саласы мамандары жаңа Конституция жобасын талқылады

Елордада көлік саласы мамандары жаңа Конституция жобасын талқылады
Фото: City Transportation Systems

Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық филиалының өкілдері City Transportation Systems (CTS) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында ауқымды жиын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесу барысында елордалық көлік саласының мамандары мен қоғам белсенділері жаңа Конституция жобасының мән-мағынасын және оның ел болашағына тигізер әсерін жан-жақты айтты.

Іс-шараға арнайы қатысқан коалиция мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова өз сөзінде бұл реформаның басты бағыты – адам құқықтарын қорғау тетіктерін түбегейлі күшейту екеніне тоқталып, жаңа Ата заң жобасы әрбір азаматтың мемлекет ісіне араласуына жол ашатын, әділеттілік қағидатын ту ететін құжат болатынын жеткізді. Оның пікірінше, бұл өзгерістер тек қағаз жүзіндегі емес, халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты қадамдар болмақ.

Осы ойды жалғаған жалпыұлттық коалиция мүшесі Омархан Бірімжан мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыру мен билік тармақтары арасындағы теңгерімді нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол өз баяндамасында жаңа Конституция аясында билік тармақтарының жауапкершілігі артып, шешім қабылдау үдерісінде ашықтық пен жариялылық басты орынға шығатынын, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықпен күресте және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруда шешуші рөл атқаратынын айтты.

Сонымен қатар Әбдіғани Бәзілханұлы әлеуметтік әділдік мәселесіне басымдық беріп, жаңа жобадағы еңбек адамының мәртебесі мен әлеуметтік кепілдіктер туралы кеңінен тарқатты. Ол CTS ұжымы сияқты қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған жұмысшылардың құқықтары мен олардың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты назарында қала беретінін, ал конституциялық реформалар осы тұрақтылықтың берік іргетасы болатынын баса айтты. Көлік саласының қызметкерлерімен ашық диалог форматында өткен бұл кездесуде қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды.

Жиын соңында қатысушылар бұл тарихи сәттің маңыздылығына тоқталып, прогрессивті қоғам қалыптастыру жолындағы ортақ мақсатқа жұмылатындарын білдірді.

Еске салсақ, Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне жаңа Конституция жобасы түсіндірілді.