Елордада көктайғаққа байланысты травматологиялық пунктердің жұмысы күшейтілді

Бүгін, 11:34
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елордада көктайғаққа байланысты травматологиялық пунктердің жұмысы күшейтілді
Фото: freepik.com

Елордада көктайғаққа байланысты травматологиялық пунктердің жұмысы күшейтілді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қаладағы барлық травмпункт, сондай-ақ, емханалар жанындағы шұғыл медициналық көмек бөлімшелері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

«Ауа райының қолайсыз кезеңінде қала тұрғындарын барынша сақ болуға шақырамыз. Мүмкіндігінше өкшесіз аяқ киім кию – маңызды. Бұл жарақат алу қаупін азайтады. Әсіресе балалар мен егде жастағы тұрғындар үйден шықпағаны жөн», - деді мамандар.

Жарақат алған жағдайда медициналық көмек көрсету пунктеріне дереу жүгіну қажет.
Басқармада атап өткендей, қаладағы барлық травматологиялық пункт тәулік бойы жұмыс істейді. 103 жедел жәрдем қызметі штаттық режимде қызметін жалғастырып жатыр.

«Қаладағы медициналық ұйымдарда пациенттер мен жедел жәрдем көліктерінің қауіпсіз әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін көктайғақтың алдын алу шаралары ұйымдастырылған», - деп хабарлады ұйым өкілдері.

Ересек тұрғындар үшін травматологиялық пунктер мына мекенжайларда орналасқан:
• Р.Қошқарбаев даңғылы, 66 (№1 көпбейінді қалалық аурухана);
• Ә.Молдағұлова көшесі, 26Б (№3 көпбейінді қалалық аурухана);
• Абылай хан даңғылы, 15а (Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы).
Балаларға арналған травматологиялық пунктер мына мекенжайларда жұмыс істейді:
• Р.Қошқарбаев даңғылы, 64 (№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы);
• Желтоқсан көшесі, 34 (№2 қалалық емхана).

Бұған дейін елордада екінші ауысымдағы оқушылар сабақты қашықтан оқитынын жаздық.