Елордада кинокөрсетілімнен кейін көрермен залдағы қоқысты жинап кетті

Елордада кинокөрсетілімнен кейін көрермен залдағы қоқысты жинап кетті
Фото: Астана әкімдігі

Астанадағы кинотеатрлардың бірінде фильм көрсетілімінен кейін келушілер көрерменнен қалған қоқысты жинап кетті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Егер таза қалада өмір сүргің келсе, ең алдымен өзіңнен, тіпті осындай ұсақ-түйектен бастау керек», – деді келушілердің бірі.

Залдан шығар кезде көрермендер бос сусын стақандарын, попкорн қаптамаларын және өзге де қоқысты арнайы контейнерлерге тастап шыққан. Нәтижесінде сеанс аяқталғаннан кейін зал таза күйінде қалды.

«Мұндай әрекет қоғамдық орындарға ұқыпты қараудың және кинотеатр қызметкерлерінің еңбегіне құрмет білдірудің ерекше үлгісіне айналды. Осындай бастамалар жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастырып, қаланың тазалығы әрбір тұрғыннан басталатынын көрсетеді», - делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын самбодан әлем чемпионаты аяқталған соң еріктілер спорт сарайын тазалап кеткенін жазған болатынбыз.