Елордада есірткіге қарсы кеңестің кезекті отырысы өтті
Астана қаласы Полиция департаментінде нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіруге бағытталған Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Кеңес құрамына мәслихат депутаттары, танымал блогерлер, әлем чемпиондары, қоғам қайраткерлері және беделі мен белсенді азаматтық ұстанымы қоғамда есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға ықпал ететін көшбасшылар кіреді.

Отырыс барысында Кеңестің жаңа мүшелері қабылданып, оларға есірткі қатеріне қарсы күресте профилактикалық шараларды жүзеге асыруға және қоғамдық әріптестікті нығайтуға дайын екендігін растайтын куәліктер табысталды.

Отырысты Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев ашты. Ол есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу заманауи тәсілдерді және қоғамның белсенді қатысуын талап ететінін атап өтті.
«Сіздердің әрқайсыларыңыз ортақ іске елеулі үлес қосып келесіздер. Күш-жігерді біріктіру ғана есірткіге қарсы күресте нақты нәтижелерге қол жеткізуге және өсіп келе жатқан ұрпақты қорғауға мүмкіндік береді. Жастар мақсатшыл адамдарды үлгі тұтуы тиіс», – деп атап өтті департамент бастығы.
Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің жұмысы қоғамның әртүрлі өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдыруға бағытталған.

«Негізгі мақсатымыз – нашақорлықтың алдын алу. Сондықтан біз тек полиция қызметкерлерін ғана емес, қалада танымал тұлғаларды да тартып, бірлесіп профилактикалық іс-шаралар өткізіп келеміз. Бұл кеңес былтыр құрылған. Кеңес мүшелерінің қолдауымен Астана қаласы бойынша түрлі профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп жатыр. Жыл басынан бері 300-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді. Олардың қатарында дәрістер, акциялар және спорттық іс-шаралар бар», – дейді Астана қаласы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының бөлім бастығы полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы.

Кездесу барысында қатысушылар елордада профилактикалық жұмыстардың тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, интернет кеңістігіндегі есірткі контентін анықтау және бұғаттау, тыйым салынған заттарды насихаттайтын граффити мен жарнамалық жазуларды жою, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық турнирлер, жастар акциялары, кездесулер мен ақпараттық науқандар ұйымдастырылуда.
«Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды нығайтатын маңызды алаңға айналуда. Кеңес аясында мамандардың тәжірибесі мен ұсыныстарын біріктіріп, профилактикалық жұмыстың жаңа тәсілдерін енгізуге мүмкіндік бар. Тұрақты кездесулер мен тәжірибе алмасу арқылы есірткінің алдын алу бағытындағы бастамалардың тиімділігі артып, қоғамдағы қауіпсіздікті күшейтуге елеулі үлес қосылады», – деді кеңес мүшесі, психолог және қоғам қайраткері Мирзада Сейітқали.
Оның айтуынша, кеңес мүшелерінің белсенді ынтымақтастығы мен жүйелі жұмысы профилактикалық шаралардың сапасын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ тұрақты жұмыс алаңын қалыптастыру тәжірибе бөлісуге, жаңа жобаларды іске асыруға және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған тиімді ұсыныстар әзірлеуге жол ашады.
Отырыс қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.
Мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің өзара ынтымақтастығына сүйенген Кеңес алдағы уақытта да азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы өз жұмысын жүйелі түрде жалғастыра береді.
Авторы: Мадина Ізекенова