Елордада екі күн «Астана Арена» маңында қозғалыс шектеледі
Астанада 21-22 наурыз күндері қаланың негізгі алаңдарында ауқымды іс-шаралар өтеді. Олар қала әкімдігі алдындағы алаңда, «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда, «Астана Арена» стадионының автотұрағында, «Ататүрік» саябағында, Astana Music Hall автотұрағында және ЭКСПО аумағында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шаралар уақытында қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 21-22 наурыз күндері «Астана Арена» стадионы маңында көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Шектеу «Алау» мұз сарайы жағындағы көше мен стадионның шығыс жағы арқылы өтетін көшені қамтиды.

«Шектеулер сағат 10:00-ден бастап, мерекелік іс-шаралар аяқталғанға дейін жалғасады.
Жүргізушілер жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, мүмкін болар өзгерістерді ескеруі қажет», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Наурызнаманың» онкүндігі аясында қалада 200-ден астам іс-шара – концерттер, ұлттық ойындар, жәрмеңкелер, шеберлік сабақтары және салт-дәстүр көрсетілімдері өтіп жатыр.