Елордада «Астана Тазалық» қызметкерлеріне жаңа Конституция жобасы таныстырылды

Елордада «Астана Тазалық» қызметкерлеріне жаңа Конституция жобасы таныстырылды
Фото: Әмір Теміржан

Астанада Жалпыұлттық коалиция өкілдері «Астана Тазалық» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесу барысында Ата заңға енгізілетін түзетулердің мәні, олардың әлеуметтік және құқықтық маңызы жан-жақты талқыланды.

 

«Ел қарқынды дамып келеді, сондықтан Ата заң қазіргі талаптарға сай болуы қажет. Жоба «Адал азамат» қағидатына негізделген. Конституцияда әлеуметтік кепілдіктер, лайықты өмір сүру құқығы, денсаулық сақтау мен білім алуға тең қолжетімділік, қауіпсіз еңбек жағдайы, әділ еңбекақы, отбасы мен балаларды қорғау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тең мүмкіндік нақты бекітіледі. Азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі. Әр азамат Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығына ие болады. Сондықтан 15 наурызда ел болашағы үшін саналы таңдау жасап, жаңа Конституция жобасын қолдау маңызды», – деді ҚР Парламенті  Сенатының депутаты Евгений Больгерт.

Өз кезегінде Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден жаңа жоба кең ауқымды талқылаудан өткенін жеткізді.

«Жаңа Конституция жобасы жан-жақты талқыланды. Онлайн форматта да кеңінен қаралды. Халықтан 10 мыңнан астам ұсыныс түсіп, барлығы сараптамадан өткізілді. 1995 жылғы Ата заңды 12 адам әзірлегені белгілі. Бұл жолы жобаны өз еліміздің азаматтары дайындап, мәтін толықтай мемлекеттік тілде, түсінікті әрі жүйелі жазылды. Ең бастысы адам капиталына басымдық берілген. 8-баптың 3-тармағында жер асты және жер үсті байлықтары халыққа тиесілі екені нақты көрсетіліп, барлық игілік халық мүддесіне қызмет етуі тиіс екені айқындалған», - деді Астана қалалық мәслихатының төрағасы.

Кездесу барысында «Астана Тазалық» қызметкерлері өздерін толғандырған сауалын қойып, ұсынылған өзгерістер бойынша нақты жауап алды. Өткізілген іс-шара «Астана тазалық» қызметкерлеріне жаңа Конституция жобасының мазмұнын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.