Елорда кәсіпкерлеріне жаңа Конституция жобасы түсіндірілді
«Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық штабының өкілдері кәсіпкерлер қауымдастығымен кездесті. Спикер ретінде Respublica партиясының Астана қалалық филиалы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұрлан Нұрмағамбетов сөз сөйледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Cпикер кәсіпкерлерге жаңа Конституция жобасының негізгі тұжырымдарын және олардың қоғам үшін практикалық маңызын жан-жақты түсіндірді. Қатысушылар сұрақтар қойып, ашық диалог форматында пікір алмасты.
Кездесу барысында жаңа Конституцияның жеке меншікті конституциялық деңгейде қорғауды күшейтетіні аталып өтті: меншік иелерінің жағдайын нашарлататын заңдарды қабылдауға жол берілмейді, ал мемлекет активтердің құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұндай кепілдіктер инвесторлар мен кәсіпкерлердің сенімін арттырып, тұрақты іскерлік ортаны қалыптастыратыны айтылды.
Конституциялық нормалар кәсіпкерлік қызмет еркіндігін және компаниялардың мүдделерін қорғауды бекітеді. Мемлекет реттеудің ашық шарттарын қамтамасыз етеді. Зияткерлік меншік пен активтерге қосымша кепілдіктер беріледі. Бұл кәсіпкерлік бастаманы ынталандырады.
Сондай-ақ барлық нарық қатысушылары үшін әділ реттеу қағидаты мен заң алдындағы теңдікке назар аударылды. Бизнестің құқықтық қорғалуының күшеюі мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтып, адал бәсекелестік ортаның қалыптасуына ықпал етеді.
Кездесу соңында қатысушылар кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық тартымдылықты арттыру және тұрақты бизнес ортаны қалыптастырудағы конституциялық кепілдіктердің маңызы туралы пікір алмасты.