«Elorda Eco System» КММ қызметкерлеріне жаңа Конституция жобасы түсіндірілді
Елордадағы «Elorda Eco System» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалицияның өкілдері Гүлдарина Нұрмағанбет, Оқан Рақымбаев және Дәурен Ұлықпанов қатысып, кәсіпорын ұжымымен ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Ата Заң жобасының негізгі бағыттары, оның мазмұны мен қоғам өміріндегі маңызы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Спикерлер Конституциялық реформаның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға және мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті нақтылауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар алдағы республикалық референдумның мәні мен маңызы түсіндіріліп, азаматтардың ел өміріндегі маңызды шешімдерге қатысу мүмкіндігі туралы айтылды.
Жиында сөз алған Amanat партиясының мүшесі, Еңбек ардагері, ақын Оқан Рақымбаев Конституцияның тарихи және қоғамдық маңызына тоқталды.
«Әр кезеңнің өз талабы бар. Қоғам дамыған сайын заңнамалық негіздер де соған сәйкес жаңарып отырады. Негізгі заңдағы өзгерістер мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты жетілдіруге, қоғамдағы әділдік пен жауапкершілікті нығайтуға бағытталады», – деді Оқан Рақымбаев.
Өз кезегінде Amanat партиясының өкілі Дәурен Ұлықпанов референдумның демократиялық маңызына назар аударды.
«Референдум – халықтың өз таңдауын білдіретін маңызды саяси тетік. Мұндай науқандар азаматтардың ел дамуына қатысты маңызды шешімдерге қатысуына мүмкіндік береді», – деді Дәурен Ұлықпанов.
Ал Қазақстан Халық партиясының өкілі Гүлдарина Нұрмағанбет Конституциялық өзгерістер қоғамдағы түрлі салаға әсер ететінін атап өтті.
«Конституция – мемлекет дамуының негізгі құқықтық іргетасы. Ондағы әрбір норма азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталып, қоғамның қазіргі сұранысына жауап беруі тиіс. Сондықтан жаңа Конституция жобасының мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру маңызды», – деді Гүлдарина Нұрмағанбет.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлерін білдірді. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар үшін мазмұнды пікір алмасу алаңына айналды.
Айта кетейік, «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК – Астана қаласы мен қала маңындағы елдімекендерде нөсер кәріз жүйесінің коллекторлары мен басқа да құрылыстарын күтіп ұстау, жөндеу, қайта жаңарту және олардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етумен айналысатын біртұтас пайдалану ұйымы.