Elorda Аqparat медиахолдингі Астананың ақпараттық және идеологиялық дамуына үлес қосуда
Бүгін Астана қалалық мәслихатында Ішкі саясат басқармасы мен оның бағынысты ұйымдары өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру жөніндегі қызметі бойынша есеп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шара барысында Elorda Аqparat медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек медиахолдингтің атқарып жатқан қызметі туралы баяндама жасады.
Олжас Сыдықбектің айтуынша, қазіргі ақпараттық дәуірде мемлекеттік ақпараттық саясат – бұл тек жаңалық тарату емес, ең алдымен қоғаммен ашық диалог орнату, сенім қалыптастыру және азаматтарды қалалық бастамаларға тарту құралы.
Elorda Аqparat медиахолдингі осы бағытта маңызды рөл атқарып келеді. Ол мемлекеттік органдар мен халық арасындағы тиімді коммуникациялық көпір ретінде жұмыс істейді.
Медиахолдинг құрамындағы «Astana aqshamy» мен «Вечерняя Астана» газеттері – көпжылдық тарихы бар, елорданың ақпараттық және идеологиялық дамуына үлес қосып келе жатқан беделді басылымдар.

Сондай-ақ, «Elordainfo.kz» порталы астаналық медиакеңістікте өзі орнын алған, республикалық оқырмандарға танылған жаңа медиа ресурсқа айналды.
Алдағы уақытта да халықты сапалы әрі шынайы ақпаратпен қамту, қоғаммен кері байланысты күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасады.