Елімізде жас ғалымдар мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз етіліп жатыр

Бүгін, 20:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде жас ғалымдар мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз етіліп жатыр
фото: Оңалхан Өнерхан

Мемлекет тарапынан ғалымдарға, соның ішінде жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Президенттің тапсырмасымен олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру және ғылымға талантты жастарды тарту мақсатында тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесі іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

Аталған бастама жас зерттеушілерге ғылыми қызметке толықтай ден қойып, кәсіби әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Тұрғын үй сертификатына ие болғандардың бірі – Ядролық физика институтының Ядролық физика бөліміне қарасты Жоғары энергиялар және элементар бөлшектер физикасы зертханасының аға ғылыми қызметкері Нұрлан Қанат. Ол көрсетіліп жатқан қолдаудың маңыздылығына тоқталып өтті.

«Ғылымның дамуы – мемлекеттің дамуы. Бүгінде ғалымдарға, оның ішінде жас ғалымдарға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Әлеуметтік қолдау аясында баспанаға ие болып отырмыз. Бұл – болашаққа деген сенім, тұрақтылық және ғылымды жаңа деңгейге көтеруге берілген мүмкіндік. Осындай қамқорлық үшін алғысымды білдіремін», – деді ол.

Сонымен қатар пәтер иесі атанғандардың қатарында Қазақстан-Британ техникалық университетінің Химиялық инженерия мектебінің аға оқытушысы Елизавета Белянкова да бар. Ол өз пікірінде бұл қолдаудың ғылыми ізденіске серпін беретінін атап өтті.

«Ең алдымен Мемлекет басшысына жас мамандарға көрсетіліп отырған осындай қолдау үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігіне және осы бастаманың жүзеге асуына үлес қосқан барлық азаматтарға ризашылығымды айтамын. Өз университетіме де кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік жасап отырғаны үшін алғысым шексіз. Ғылым – толықтай берілу мен терең жауапкершілікті талап ететін жол. Ал тұрғын үй мәселесінің шешілуі ғылыми ізденіске алаңсыз көңіл бөлуге, ел игілігі жолындағы маңызды зерттеулерге күш салуға мүмкіндік береді. Әріптестерімізбен бірге ғылыми жетістіктеріміз арқылы Қазақстан ғылымына нақты нәтиже әкелеміз деп сенемін», – деді ол.

Аталған бастамалар елімізде ғылымды дамытуға қолайлы орта қалыптастырып, жас ғалымдардың әлеуетін толық іске асыруына және ұлттық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін ҚазҰУ Суперкомпьютер орталығында ауа райының сандық болжам моделі іске қосылғаны туралы жаздық.