Елімізде жыл соңына дейін геологиялық деректер толық цифрландырылады
Ұлттық геологиялық қызмет геологиялық деректерді сақтау, жүйелендіру және тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе (Big Data) жобасын жүзеге асыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Жобаны кен пайдаланушылары қаржыландырады. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске сәйкес пайдалы қазбаларды өндіруге жұмсалған шығындардың 1%-ы ғылым мен технологияны қолдауға бағытталады.
Цифрландырудың негізгі мақсаты – 1950-1990 жылдары Қазақстандағы барлық геологиялық қорларда қалыптасқан тарихи геологиялық 5 млн ақпаратты машина оқи алатын форматқа аудару. Бұл елдің геологиялық ақпараттарына қолжетімділікті орталықтандырып, пайдалы қазбаларды пайдалануда инвестициялық шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда бастапқы геологиялық ақпараттың 97,5%-ы сканерленген. Бұл деректер қорындағы 4,7 млн жеке объект, оның ішінде 4 289 571 қағаз құжат парағы, 250 мың графикалық қосымша парағы, 96 020 магниттік таспа және 62 245 картридж бар.
Еске сала кетсек, елімізде деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздіктің жаңа ұлттық стандарттары бекітілді.