Елімізде бассейндік су инспекцияларының штаты екі есе артты
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА БЕРГЕН ТАПСЫРМАСЫ
АЙТЫЛДЫ:
«Алдын ала ескертілген тәуекелдерге қарамастан, жергілікті жерлерде әлі күнге дейін ылғалды көп қажет ететін дақылдар егіліп жатыр. Оған қоса, суармалы суды ешқандай рұқсат құжаттары мен келісімшарттарсыз алу фактілері жиі тіркелуде. Құқық қорғау органдары назар аударуы тиіс тағы бір мәселе – судың «қара нарықта» заңсыз сатылуы мен сатып алынуы».
ОРЫНДАЛДЫ:
Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 65-тармағын іске асыру мақсатында 2026 жылға арналған Жол картасын әзірлеп, бекітті. Құжатта су ұрлығымен және заңсыз су пайдаланумен тиімді күресу үшін құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобын құру көзделген.
2025 жылғы 9 сәуірде қол қойылған ҚР Су кодексінің жаңа редакциясы бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылау жүргізу өкілеттігін берді. Бұл суды өз бетінше пайдалану деректеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік жасады.
2025 жылы бассейндік су инспекциялары заңсыз су алғаны үшін жалпы сомасы 75,2 млн теңгені құрайтын 365 айыппұл салды. Тексерулер мен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде арнайы су пайдалануға шамамен 1 500 рұқсат рәсімделді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін «Қазсушар» РМК-мен келісімшарттарсыз су алу, сондай-ақ ылғалды аз қажет ететін дақылдарды (мақта, жоңышқа және т.б.) ылғалды көп қажет ететін дақылдарға (күріш) су жеткізуші ұйыммен келіспей ауыстырған фактілер анықталды.
Бассейндік су инспекцияларының штаты екі есеге артты: 98 қызметкерден 204 қызметкерге дейін. Бұл судың «қара нарығымен» күрес шараларын күшейтуге мүмкіндік берді.
«Қазсушар» құрылымында әрбір филиалда штат бірлігі бар комплаенс-офицерлер қызметі құрылды.
Бассейндік су инспекцияларының материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Олар ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, арнайы автокөлік техникасымен және планшеттермен қамтамасыз етілді.
2025 жылғы вегетация кезеңі басталған сәттен бастап министрдің бұйрығымен еліміз бойынша мониторингтік топтар құрылды. Олардың негізгі міндеті – заңсыз су алу деректерін анықтау және оның алдын алу.
Топтардың жұмысы барысында агромониторингтің цифрлық құралдары мен жерді қашықтан зондтау деректерін қолдануға негізделген жұмыс әдістемесі жасалды.
Еске сала кетейік, еліміздің бес өңірде жерасты суының жаңа көзін анықтау үшін іздестіру-барлау жүргізіледі.