Елімізде 5 мың адам донорлық ағзаны күтіп жүр: олардың 200-ге жуығы – балалар

Елімізде 5 мың адам донорлық ағзаны күтіп жүр: олардың 200-ге жуығы – балалар
Фото: pexels.com

Қазақстанда донорлық ағзаны күтіп жүрген науқастар мәселесінің шешімі тек медицинаның мүмкіндігіне ғана емес, қоғамның қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа деген көзқарасына да байланысты. Бұл туралы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас трансплантологы Болатбек Баймаханов СТАТУС СКВО YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бас трансплантологтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагнозымен донорлық ағзаны күту парағында 5 мыңнан астам пациент тіркелген. Олардың шамамен 200-і – балалар.

Оның сөзінше, күту парағының жыл сайын ұлғаюына бірнеше фактор әсер етеді. Соның ішінде созылмалы бүйрек ауруларының көбеюі және қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың жеткілікті деңгейде дамымауы негізгі себептердің бірі саналады.

Сұхбат барысында Болатбек Баймаханов трансплантацияны күтіп жүрген науқастардың жағдайы, диализдің адам өміріне әсері және донорлық мәдениетін қалыптастырудың маңызы туралы айтты.

Оның айтуынша, заманауи медицинаның арқасында пациенттер диализде ұзақ жылдар өмір сүре алады. Алайда бүйрек трансплантациясы өмір сапасын жақсартып қана қоймай, науқастың толыққанды өмірге оралуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бас трансплантолог трансплантация кезегінің қысқаруы қоғамның донорлыққа деген көзқарасына тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның пікірінше, қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды.

Сұхбатта күту парағының неге өсіп жатқаны, науқастардың диализде қанша жыл өмір сүре алатыны және трансплантацияға қол жеткізу мүмкіндігіне қандай факторлар әсер ететіні жан-жақты талқыланды.

Бұған дейін екі қайтыс болған донордың ағзасы бірнеше адамның өмірін сақтап қалғанын жазған едік.