Елімізде 375 гидротехникалық нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысына қатысып, 2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Вегетация кезеңіне дайындық және тәуекелдерді барынша азайту мақсатында «Қазсушар» РМК филиалдары ұзындығы 1 840 шақырым болатын ирригация каналдарын механикалық тәсілмен тазалап, ұзындығы 680 шақырым болатын ирригация желісін реконструкциялады. Сондай-ақ 375 гидротехникалық нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл 394 нысанды жөндеу және 2 200 шақырымнан астам каналды тазалау жоспарланып отыр. Айта кету керек, соңғы екі жылда тазалау көлемі едәуір артты және жылына орта есеппен 1,5 мың шақырымға жетті.
Сонымен қатар «Қазсушар» РМК филиалдары 181 сорғы станциясы мен агрегатты дайындады. Бұдан бөлек, ең күрделі учаскелерде пайдалану үшін қосымша 92 сорғы сатып алу жоспарланған.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Қазақстанның оңтүстігіндегі бес облыста вегетация кезеңіне дайындық мәселелері бойынша көшпелі кеңестер өтті. Шаруалармен өткен кездесулерде су тұтыну лимиттерін қатаң сақтау, ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын одан әрі қысқарту, егіс құрылымын әртараптандыру, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын міндетті түрде енгізу қажеттігі атап өтілді.
Осы кеңестердің қорытындысы бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстары үшін вегетация маусымына суды пайдалану лимиттерін белгілеу міндеті жүктелген жұмыс тобы құрылды.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп судың «қара нарығын» жоюға бағытталған Жол картасын қабылдады.
«Құжатта министрліктің құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы көзделген. Тәуекел аймақтары айқындалып, су беру жөніндегі шарттарды цифрландыру басталды, цифрлық және спутниктік мониторинг құралдары енгізіліп жатыр. Биыл судың «қара нарығын» жоюға, сондай-ақ су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заңсыз қызметтің жолын кесуге бағытталған бақылау және инспекциялық шараларды едәуір күшейту жоспарланып отыр», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Жыл басынан бері министрлік фермерлерге су беру жөніндегі келісімшарттарды электронды форматта жасауға көшуді жүзеге асыруда. Жүйе шаруаларды сумен қамтамасыз етудің толық циклін қамтиды: өтінім беруден бастап келісімшарт жасасу, нақты су тұтынуды дәл есепке алу және одан кейін төлемге дейін.
Бұл жүйені енгізу деректердегі айырмашылықтарды болдырмауға, әкімшілік процестерді оңтайландыруға, адами фактордың ықпалын азайтуға, сондай-ақ су ресурстарын бөлу мен су пайдаланғаны үшін есеп айырысу кезінде әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Су тұтынушыларымен шарттар жасасу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Трансшекаралық өзара іс-қимыл аясында «Қазгидромет» РМК мен Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы Гидрометеорологиялық қызмет арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жедел-өндірістік қызмет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
Еске салсақ, еліміздегі су қоймаларда 14,3 млрд текше метр тасқын суға арналған қор бар.