Елімізде 2,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

Бүгін, 17:46
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елімізде 2,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды
Фото: Орталық Коммуникациялар Қызметінен

2025 жылы аумақтық бөлімшелер 2,4 млн гектар алаңда 2053 жоспардан тыс тексеру жүргізді. 1,9 млн гектарға 1563 бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Орталық Коммуникациялар Қызметіне сілтеме жасап.

Оның мәліметінше, бұрын берілген нұсқамалар бойынша 900 мың гектар астам жерлерді игеру басталды. 339 мың гектар бойынша мәжбүрлеп алып қою жөніндегі істер соттарда қаралып жатыр.

«Осыған орай, пайдаланылмай жатқан және жер заңнамасын бұза отырып берілген 2 млн гектар жерді қайтару жөніндегі республикалық жоспар артығымен орындалып, 2,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды», - деді спикер баспасөз конференциясында.

Қазіргі уақытта 2026 жылға арналған пайдаланылмай жатқан 1 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу көзделген.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы жерін алу рәсімдері жеңілдетілгенін жаздық.