Едіге Емберді: жаңа салмаққа ауысамын
Ауыр атлетикадан жастар және жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Едіге Емберді Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында жаңа салмаққа көшетінін және алдағы жоспарына тоқталды.
- Әлеуметтік желіде сіздің өз салмағыңызда қалмайтындығыңызды естіп жатырмыз. Осындай шешім қабылдауыңызға не себеп болды?
- Алдағы тамыз айынан бастап Халықаралық ауыр атлетика федерациясы салмақтар санатын ауыстырады. Өздеріңіз білетіндей, мен 2025 жылы Норвегияда өткен әлем чемпионатында 79 келіде өнер көрсетіп, жалпы есепте 6-орынға тұрақтаған едім. Енді жаңа өзгерістерде 79 келі болмайды. Мен 75 келіге төмен түсуге керекпін немесе 85 келіге көтерілуге тиіспін. Қазіргі таза салмағым 82 келі, алайда 75 келіге түсу қиын болатындығы анық. Сондықтан тамыз айынан бастап, 85 келіде жүлдеге таласамын. Қыркүйек айында Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарында да 85 келіде жүлде сарапқа салынады.
- Бапкеріңіз қолдады ма?
- 2025 жылы Норвегиядағы жаһандық додада салмақтар санаты өзгеретінін естігем. 85 келіге ауысуым - асығып қабылданған шешім емес. Бапкеріммен ақылдаса отырып, осындай шешімге тоқталдық.
- Мамыр айының ортасында Талдықорған қаласында ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді. Сіз ол жарысқа қатысасыз ба?
- Иә, бұйырса қатысамын деп жоспарлап отырмын. Ол жерде 88 келіде бақ сынаймын. Одан бөлек, 27 сәуір - 1 мамыр аралығында Самоа мемлекетінде Universal Weightlifting Cup халықаралық турнирінде де 88 келіде өнер көрсетемін.
- Пікіріңізге рақмет!