Депутат: Президент ұсынған парламенттік реформа - ел тарихындағы аса маңызды қадам
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өз мәресіне жетті. Екі күн бойы Сыр елінде туы көтерілген келелі кеңесте байтақ Отанның бүгіні мен ертеңі хақында аталы сөз айтылып, тағдыршешті шешімдер қабылданды, өміршең реформалар талқыланды. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгін ел Президенті Құрылтай жиынына қатысып, еліміздің экономикалық, қоғамдық-саяси және әлеуметтік салаларындағы аса өзекті мәселелерге тоқталып, ел-жұрттың көкейінде жүрген сан сауалға жауап берді. Мемлекет басшысы өз баяндамасында Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне сай стратегиялық бағыттарды, терең реформаларды және қоғамды алға бастайтын басты құндылықтарды айқындап өтті. Тарих пен тағдыр тоғысқан өлкеде құрылтайдың Сыр бойында өтуі - кездейсоқ шешім емес. «Сыр - Алаштың анасы» деген сөздің астарында ұлт тарихының тұтас бір кезеңі жатыр. Шірік-Рабаттан бастап Сығанаққа дейінгі көне қалалар қазақ жерінде өркениет болғанын дәлелдейді. Бір ғасыр бұрын ел астанасы болған Қызылорда - мемлекеттілік идеясының, ұлттық жаңғырудың символы. Президент осы тарихи сабақтастыққа айрықша тоқталды», - деді халық қалаулысы.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында ғана емес, тұтас ел көлемінде нақты экономикалық серпіліс байқалады. Мемлекет басшысы келтірген деректер соның айқын дәлелі.
«Ішкі жалпы өнімнің өсуі, инвестиция көлемінің артуы, жаңа өндірістер мен инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы - осының бәрі жүйелі дамуды көрсетеді. Жаңа жылу электр орталығының салынуы, жолдар мен әуежайдың, теміржол инфрақұрылымының жаңғыруы аймақтың ғана емес, жалпы елдің энергетикалық және логистикалық қауіпсіздігін күшейтеді. Айтылған статистика - қағаздағы жоспар емес, халық күнделікті өмірінде сезініп отырған нақты өзгерістер», - деді депутат.
Депутаттың айтуынша, Президент баяндамасындағы ең өзекті тақырыптардың бірі - су мәселесі. Арал тағдыры – бір өңірдің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ортақ проблемасы. Солтүстік Аралды сақтап қалу жолындағы жұмыстар, Көкарал бөгетін биіктету, халықаралық келісімдер - жүйелі саясаттың нәтижесі. Су дипломатиясын дамыту, халықаралық су ұйымын құру бастамасы Қазақстанның бұл мәселені тек ішкі емес, жаһандық деңгейде көтеріп отырғанын көрсетеді.
«Ұлттық құрылтай - реформалардың қозғаушы күші. Төрт жылда Ұлттық құрылтайдың ұсыныстары негізінде 26 заң қабылданды. Бұл - сөздің іске айналғанының нақты дәлелі. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес, ономастиканы жүйелеу, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру - қоғам сұранысына берілген нақты жауаптар. Ең маңыздысы - «ұлттың жаңа сапасын» қалыптастыру идеясы формалды ұран емес, қоғамдық санадағы түбегейлі өзгеріске бағытталған нақты бағдар.Президент ұсынған парламенттік реформа - ел тарихындағы аса маңызды қадам. Бір палаталы Парламентке көшу, Құрылтай атауын сақтау, депутаттар саны мен сайлау жүйесін оңтайландыру - барлығы да тиімді әрі кәсіби заң шығарушы орган құруға бағытталған», - деді депутат.
Сонымен қатар Қазақстанның Халық кеңесін құру бастамасы қоғам мен билік арасындағы тұрақты диалогты жаңа деңгейге көтеретін шешім болмақ. Ендігіде Халық кеңесі кеңесші орган ғана емес, ұлттық келісім мен бірліктің жаңа алаңына айналады.
Президент өз сөзінде жаңадан жасақталатын құрылтайдың мандат саны 145 болуы, төрағаның үш орынбасары тағайындалуы, комитет саны сегізден аспауы керектігін атап өтті. Сондай-ақ жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығы мен қадағалауына мұқтаж емес екенін баса айтып, Президент квотасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасын алып тастауды ұсынды.
«Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидаты бойынша сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады», - деді Мемлекет басшысы баяндамасында. Мәдениет пен өнер - мемлекеттің рухани тірегі. Театрлар мен музейлердің салынуы, тарихи мұраны ЮНЕСКО тізіміне енгізу, Абай, Әл-Фараби, Ясауи ілімдерін жүйелі дәріптеу - ұлттық болмысты сақтаудың маңызды тетіктері. «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясы - өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпір. Цифрлық дәуірде ұлттық жадыны сақтау - идеологиялық дербестіктің басты шарты», - деді халық қалаулысы.
Президент баяндамасында заң үстемдігі мәселесіне ерекше мән берілді.
«Қыз алып қашу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, немқұрайлылық пен жауапсыздық – мұның бәріне қоғам болып тосқауыл қою қажет. Заң бәріне ортақ, ал тәртіп - өркениетті елдің басты белгісі. Ұлттық құрылтай жиынында айтылған әрбір ой мен ұсынылған әрбір реформа Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құру жолындағы нақты қадам екеніне тоқталған Мемлекет басшысы аталған құрылымның жұмысына ризашылық білдірді. Ұлттық құрылтай жиынынан біз бірлігіміз бекем, мақсатымыз айқын болса, алынбайтын асу жоқ деген сеніммен тарқастық», - деді Жанарбек Әшімжан.