Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандық үздік фельдшерлерді марапаттады

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандық үздік фельдшерлерді марапаттады
Фото: ДСМ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жыл қорытындысы бойынша жедел медициналық жәрдем қызметінің үздік фельдшерлерін марапаттады, деп хабарлады Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара басында қатысушылар кәсіби міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптестері – Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан мен Насиба Мұхтарқызы Жанабаеваны бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Олардың есімдері отандық денсаулық сақтау тарихында мәңгі сақталып, кәсіби ар-намыс, батылдық пен адамгершіліктің үлгісі ретінде медициналық қызметкерлердің жаңа буынын шабыттандыра береді», - делінген хабарламада.

Жиында фельдшерлер қызмет тәуекелі жоғары, эмоционалдық жүктемесі ауыр жағдайда еңбек ететін ең күрделі мамандық иелерінің өкілдері екені айтылды.

Министрлік аппаратының басшысы Болат Төкежанов жедел жәрдем фельдшерлеріне жанқиярлық еңбегі, ерлігі мен мамандыққа адалдығы үшін алғысын білдірді.

«Бүгін біз жедел жәрдем фельдшерлеріне – медицинаның алдыңғы шебінде еңбек етіп, санаулы минуттар ішінде шешім қабылдап, төтенше жағдайларда адам өмірін сақтап қалатын жандарға құрмет көрсету үшін жиналдық. Бұл – жай ғана марапаттау рәсімі емес, бұл – терең алғыс пен қоғамдық мойындаудың көрінісі», – деді Болат Төкежанов.

Еліміздің 24 фельдшері салтанатты түрде марапатталды. Соның 4 фельдшерге «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, 11 фельдшерге «Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісі (оның ішінде біреуі – қайтыс болғаннан кейін), 9 фельдшерге Құрмет грамотасы табысталды.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы ғимаратының қабырғасына кәсіби міндетін атқару кезінде алған ауыр жарақаттан қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылып, елордадағы «Даналық» колледжінде Ұлдана Мырзуан атындағы кабинет ашылғанын хабарлаған болатынбыз.