Демалыс күнгі жәрмеңкелерге тұрақтандыру қорының өнімдері шығарылды
Қазақстанның барлық өңірінде дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оған өңірдегі тұрақтандыру қорларының өнімдері шығарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Мәселен Ақтауда тұрақтандыру қорынан 2 тонна картоп, әрқайсысы 1 тоннадан сәбіз, пияз, қырыққабат, 1 тонна сиыр еті, 1 тонна сұйық май, 500 келі ас тұзы мен 1,5 тонна күріш, 700 келі макарон өнімі шығарылып, сатылды.
Ал Атырау облысында өткен жәрмеңкеге 1,2 тонна көкөніс, 1 тонна сиыр еті, 0,6 тонна сүт өнімдері мен 0,4 тонна құс еті тұрақтандыру қорынан шығарылған.
Ұлытау облысының тұрақтандыру қорынан тұрғындарға 400 жұмыртқа, 1 тонна сиыр еті, 20 келі рожки, 20 келі қарақұмық, 50 келі ұн сатылды.
Қызылордада өткен жәрмеңкеде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорының өнімдері саудаланды. Онда картоп 160 теңгеден, пияз 126, сәбіз 135, қырыққабат 130, күріш 230, ұн 140, сиыр етінің келісі 2500 теңгеден сатылды.
Тұрақтандыру қорларынан бөлек жәрмеңкеге мыңға жуық отандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер қатысты. Қазақстандықтарға кең тауар ассортименті ұсынылды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында өткен жәрмеңкеде жергілікті кәсіпкерлер 25 түрлі тауар ұсынып, жалпы сомасы 7,7 млн теңге 4,8 тонна өнім сатқан. Ал Өскеменде өткен жәрмеңкеде кәсіпкерлер 15 тонна өнім ұсынған. Оның ішінде ет, бал және сүт өнімдері басымдыққа ие.
Ал Астана қаласындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жергілікті фермерлер ғана емес Абай, Павлодар, Қарағанды және Ақмола облыстарынан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Астанадағы жәрмеңкеде сиыр етіне сұраныс жоғары. Ет өнімдерінен сиыр еті 3 300-3 500 тг/кг, жылқы еті 3 000–3 300 тг/кг, қой еті 3 500 тг/кг ұсынылған. Жәрмеңкеде шамамен 60 тонна бакалея өнімі, 50 тонна көкөніс өнімі, 50 тонна ет өнімі, сондай-ақ көкөністер мен жемістер, ет, ұн және сүт өнімдері, табиғи шырын, тосап, джем және басқа да өнімдер нарықтық бағадан төмен саудаланды.
Елде жыл басынан 600-ге жуық демалыс күнгі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткен.
Еске сала кетсек, елордада демалыс күндері кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтетінін хабарладық.