Дәулет Тұрлыханов: Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау – әр азаматтың қасиетті парызы

Бүгін, 10:05
Думан Аманжол Думан Аманжол
Дәулет Тұрлыханов: Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау – әр азаматтың қасиетті парызы
Фото: Дәулет Тұрлыхановтың facebook парақшасы

Мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройын, халқымыздың бірлігі мен елдік мұратын бейнелейтін қастерлі құндылықтар. Белгілі спортшы, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов осындай пікір айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның сөзінше, көк Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз - ұлт рухының, мемлекеттігіміздің және азаттығымыздың жарқын нышаны.

«Менің өмірімде мемлекеттік Туымызбен байланысты ерекше тарихи сәт бар. 1992 жылы Барселона Олимпиадасында әлем жұртшылығы алдында Қазақстанның Көк Туын тұңғыш рет алып шығу құрметі маған бұйырды. Бұл - тәуелсіздігін енді ғана жариялаған жас мемлекетіміздің әлемдік аренадағы алғашқы қадамдарының бірі болатын.

Сол сәтте мен қолымда жай ғана Туды емес, азаттықты аңсаған бабалар аманатын, тәуелсіздікке қол жеткізген халқымыздың арманын және болашаққа деген сенімін алып шыққандай күй кештім. Миллиондаған көрерменнің алдында Қазақстанның Көк байрағы желбірегенде кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Бұл мен үшін ғана емес, бүкіл қазақ елі үшін тарихи әрі тағдырлы кезең еді.

Бүгінде Қазақстан әлем мойындаған, өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Бұл жетістіктердің барлығы – халқымыздың бірлігі мен елдік құндылықтарға деген адалдығының нәтижесі. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету - әр азаматтың қасиетті парызы.

Көк Туымыз әрдайым биікте желбіреп, Әнұранымыз әлем төрінде шырқала берсін! Еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз мәңгі тұғырлы болсын», - деді Дәулет Тұрлыханов.